«National Geographic Қазақстан» журналының ана тілімізде шығуы биылғы жылдың елеулі оқиғасы - Д. Абаев (ФОТО)

Ең алдымен министр Қазақстанда алғаш рет жарық көріп отырған әлемдік басылымның қадамына құтты болсын айтты.
«Әлемге танымал басылымның Қазақстанға келіп, қазақ тілінде шығуын мен биылғы жылдың елеулі оқиғасы деп білемін. Бұл біздің ел үшін ғана емес әлемдік жоба үшін де маңызды жаңалық. Халықаралық басылымның ғылыми ізденістерге, қызықты деректерге толы таңдаулы мақалаларын енді қалың оқырман құнарлы қазақ тілінде оқитын болды. Сонымен қатар, біз өзіміздің ең үздік төл материалдарымызды ағылшын тіліне аудару арқылы елімізді дүние жүзіне танытудың тағы бір мүмкіндігіне қол жеткіздік», - деді министр.
Еске сала кетейік, бүгін «National Geographic Қазақстан» журналының ресми тұсаукесері өтіп, оның аясында Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «National Geographic-тің» үздік 50 суреті» атты фотокөрмесі ашылды.
Шараға «National Geographic» халықаралық журналының Вашингтоннан келген басшылығы, шетелдік меймандар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, еліміздегі дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар мен зиялы қауым, бизнес-қауымдастық мүшелері, мемлекеттік орган қызметкерлері және т.б. қатысты.
«National Geographic» - әлемдегі ең беделді қоғамдық ұжымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған брендтің меншігіне бірқатар телеарналар, журналдар, баспа үйлері кіреді. «National Geographic-тің» бүгінде әлем бойынша 600 миллион аудиториясы бар. 128 жылда қоғам ғылыми-зерттеу жұмыстарына 11 000 грант бөлді.