НАТО елдері СІМ басшылары КХДР билігін одан әрі арандатушылық әрекеттерден бас тартуға шақырды

БРЮССЕЛЬ. 23 сәуір. ҚазАқпарат - НАТО-ның 28 мүше-мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері КХДР билігін одан әрі арандатушылық әрекеттерден бас тартуға шақырды. Бұл туралы Брюссельде бас қосқан НАТО қатысушы-елдері СІМ басшыларының мәлімдемесінде әңгіме болды.

НАТО елдері СІМ басшылары КХДР билігін одан әрі арандатушылық әрекеттерден бас тартуға шақырды

НАТО мүше-мемлекеттері сыртқы істер министрлері КХДР-дың зымырандық және ядролық бағдарламасын дамытуына байланысты айыптады. «Солтүстік Кореяның арандатушылық әрекеттері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын тікелей бұзып отыр және аймақтық тұрақтылыққа елеулі қауіп туғызуда, бұл Корей түбегіндегі ұзаққа созылған бейбітшілік келешегіне соққы болып табылады және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіреді», - делінген НАТО елдері СІМ басшыларының мәлімдемесінде.

Министрлер Солтүстік Кореяның осы жылғы 12 ақпандағы ядролық сынақтарына жауап ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған 2094-қарарды қолдады.

Сонымен бірге, мәлімдемеде НАТО-ның баянды бейбітшілікті және Корей түбегін ядролық қарудан азат аймаққа айналдыруды жақтайтыны атап көрсетілген, сондай-ақ Солтүcтік Корея билігін одан әрі арандатушылық әрекеттерден бас тартуға шақырған.

Еске сала кетейік, Корей түбегінде осы жылғы ақпанда КХДР ядролық қаруды сынағаннан кейін жағдай шиеленісіп кетті. Бұдан бұрын 2012 жылғы желтоқсанда Солтүстік Корея ғарышқа зымыран тасығыш пен спутникті ойдағыдай ұшырған болатын. Осыдан кейін Оңтүстік Корея әскери жаттығуларды, соның ішінде АҚШ-тың қатысуымен белсенді өткізе бастады. Өз кезегінде АҚШ пен БҰҰ КХДР-ға қарсы жаңа экономикалық санкциялар енгізді. Наурыздың басында Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен жаттығуларына қарсылық ретінде Оңтүстік Кореямен шабыл жасамау және ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі барлық келісімдерден бас тартты.