09:23, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
НАТО-ның 60 жылдық саммиті Франция мен Германияда өтеді
БРЮССЕЛЬ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Солтүстікатлантикалық альянстың (НАТО) 60 жылдығына арналған мерейтойлық саммиті алдағы сәуір айында Францияның Страсбург және Германияның Келе қаласында өтеді.

Бұл туралы альянс бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер жыл басында журналистермен өткізетін дәстүрлі кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұйым басшысы өз сөзінде атап көрсеткендей, жоғары деңгейдегі ол форумда Францияның альянстағы толық мәртебесі туралы жария етілуі ықтимал. Естеріңізге сала кетейік, 1966 жылы президент Шарль де Гольдің бастамашылығы бойынша Франция альянстың әскери ұйымынан шығып, бірақ Солтүстікатлантикалық келісімшарттың мүшесі болып қалған еді. Яап де Хооп Схеффер сондай-ақ, НАТО саммитінде ұйымға екі жаңа мүшенің ? Хорватия мен Албания елдерінің қосылуына қолдау көрсетілетініне үміт білдірді.