НАТО-ның әскери операциясы кезіндегі Қазақстанның Ливиядағы елшілігінің жұмысы елдегі жағдайға байланысты болмақ - ҚР СІМ
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - НАТО-ның әскери операциясы кезіндегі Қазақстанның Ливиядағы елшілігінің жұмысы ол елдегі жағдайдың қалай қалыптасатынына байланысты болмақ,
деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдрахманов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
«Қазақстанның Ливиядағы елшілігі қазіргі таңда қалыпты режимде жұмыс істеуде. НАТО-ның әскери операциялары кезіндегі біздің дипломатиялық миссиямыздың жұмысы қалыптасатын жағдайға байланысты болады», дейді ол.
Жұма күні CNN телекомпаниясы Пентагондағы жоғары лауазымды ресми тұлғаларға сілтеме жасап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен санкцияланған Ливияның әуе кеңістігін жабу жөніндегі операцияның жексенбі немесе дүйсенбі күні жүзеге асырылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Обама әкімшілігі Ливияның әуе кеңістігін жабудың жоспарын әзірлеп отыр, одақтастардың ұшақтары жексенбі немесе дүйсенбі күндері Ливия аспанын торуылдауға шығуы мүмкін.
Ал американдық БАҚ-тарға сілтеме жасап Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Тунисте сөйлеген сөзінде, Ливия аспанын жабу операцияларының барысында «елдің қорғаныс жүйесінің нысаналары бомбыланатынын» айтқан.