НАТО-ның жаңа бас хатшысы қызметіне Норвегияның бұрынғы Үкімет басшысы келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Йенс Столтенберг НАТО-ның жаңа бас хатшысы болады.
Оның кандидатурасын Альянсқа қатысушы елдердің барлығы қолдады,- деп хабарлады Рейтер агенттігі дипломатиялық топтағы дереккөзіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған ұйымды Андерс Фог Расмуссен басқарады. Ол бұл қызметке 2009 жылдың сәуірінде НАТО саммитінен кейін кіріскен болатын. Оның өкілеттігі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде аяқталмақ.
Жаңа бас хатшының кандидатурасы альянсқа мүше мемлекеттер тарапынан қолдау табуы тиіс. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін ол НАТО-да кем дегенде мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері деңгейінде ресми тіркелуі қажет. Дәл осы мәселе жан-жақты талқыға түсуі мүмкін. Еске сала кетсек, альянс елдері қорғаныс министрліктері басшыларының кездесуі Брюсселде 1-2 сәуір күндері өтеді.