НАТО-ның жаңа Бас хатшысы сайланды
СТРАСБУРГ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ – Солтүстікатлантикалық одақтың мерейтойлық саммитінде ең көп талқыланған мәселенің бірі Альянстың жаңа Бас хатшысының кандидатурасы болды.
Блокқа қатысушы елдердің басшылары НАТО басшылығына Дания премьер-министрі Андерс Фог Расмуссенді сайлады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі. Қорытынды баспасөз мәслихатында НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер, қабылдаушы тараптар - Франция президенті Николя Саркози мен Германия канцлері Ангела Меркель Альянстың жаңа Бас хатшысын ? Дания премьер- министрі Андерс Фог Расмуссенді құттықтады. Я.Схеффер өз сөзінде атап көрсеткендей, бұл шешімге НАТО-ға мүше барлық елдердің басшылары бірауыздан келіп отыр. Қызметіне ағымдағы жылы тамыздың 1-інде кірісетін жаңа Бас хатшы, НАТО-ны түрлендіру үдерісін дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтып өтті.