10:07, 01 Мамыр 2011 | GMT +5
НАТО шабуылының салдарынан М.Каддафидің ұлы мен үш немересі опат болды
АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Муаммар Каддафидің кіші ұлы - 29 жастағы Саиф әл-Араб, сондай-ақ Ливия басшысының үш немересі оның резиденциясына жасалған НАТО әуе шабуылының салдарынан қаза тапты.

Бұл туралы Ливия үкіметінің баспасөз хатшысы Мұсса Ибрагим мәлім етті, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Әуе шабуылы кезінде үйде Муаммар Каддафидің өзі де болған, бірақ ол зардап шекпеген. М.Ибрагимнің айтуынша, жараланғандардың қатарында М.Каддафидің отбасының бірнеше достары мен туыстары бар.
НАТО өкілдері бұған қатысты әзірге ешқандай түсіндірме берген жоқ.
«Операцияның мақсаты мемлекет басшысының көзін жою болған. Көріп отырғанымыз - джунглидің заңы. Ливияда болып жатқан оқиғалардың азаматтық тұлғаларды қорғумен ешқандай қатысы жоқ екені жұрттың бәрі түсініп отыр», - деп мәлім етті М.Ибрагим журналистерге.