НАТО ұшақтары демалыс күндері 300 рет ұшып, Ливия армиясының 60 шақты техникасын жойды

ССЕЛЬ. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Демалыс күндері, 9-10 сәуірде НАТО ұшақтары 300-ге жуық рет ұшып, Ливия армиясының 60-тан астам техникасын жойды.

НАТО ұшақтары   демалыс күндері    300 рет  ұшып,  Ливия армиясының  60  шақты техникасын  жойды

Бұл туралы Альянстың Брюссельдегі штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен мәлім етті.

Оның айтуынша, Ливиядағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін, НАТО М.Каддафидің режиміне қысым көрсетуді жалғастыруда. «Сенбі күні таңертеңнен бастап НАТО ұшақтары 300-дей ұшу сапарын жасады. Біз 49 танкіні, 9 сауытты техниканы, 3 зениттік қару мен қару-жарақ сақталған 4 үлкен бункерді жойдық. Соққылардың көбісі Мисрата және Адждабия төңірегінде жасалды», - деді А. Расмуссен.

Дейтұрғанмен, Альянс бас хатшысы, Ливиядағы дағдарысты тек әскери жолмен шешу мүмкін емес екенін атап көрсетті. «Бейбіт халыққа қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған халықаралық тараптың кез келген әрекетін НАТО қолдайды», - атап көрсетті ол.

Оның айтуынша, НАТО мен оның серіктестері Ливия дағдарысын шешу жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алып отыр. «Бұл әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне қосқан біздің үлесіміз. Осы сәрсенбі күні Катарда өтетін арнайы топтың отырысын асыға күтудемін және осынау басқосу дағдарысты реттеудің халықаралық негізін қамтамасыз етеді деп ойлаймын», деді Альянс бас хатшысы.