Науқас парағы мен анықтама алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ – Бағдат Мусин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Электронды үкіметтегі «eDensaulyq» сервисі тұрғындардың бірқатар шаруасын жеңілдетті. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент денсаулық сақтау саласындағы шашыраңқы жүйелерді ретке келтіруді тапсырды. Мұнда біз дәрігерлер мен пациенттердің бірқатар өзекті мәселесін шешіп жатырмыз. EHealth жаңа архитектурасы дәрігерлердің әртүрлі жүйелерде жұмыс істеу мәселесін шешеді, ал тұрғындарға – медициналық ұйымдарға жүгінген барлық жазбалар қолжетімді болады», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондай-ақ, биыл eGovMobile мобильді қосымшасында «eDensaulyq» жаңа сервисі пайда болды. Бұл азаматтардың донорлық мәртебесі, электронды рецепт, жүкті әйелдерді есепке алу, ауруханаға жатқызу және басқалары бойынша ақпарат жинақталған.

«Бұл арқылы азаматтар медициналық деректер мен онлайн қызметтеріне жылдам қол жеткізеді. Жақын арада қағазбастылықтан, науқас парағы мен анықтама алу үшін медициналық ұйымдарға барудан бас тартамыз. Болашақта бұл қызмет кеңейтіліп, барлық қажетті мәліметтермен толықтырылады», - деді Бағдат Мусин.

Бұған дейін Цифрлық даму министрі босанғанға дейінгі жәрдемақыны алу мерзімі 15 күннен бір сағатқа қысқарғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде де интернеті өшірілмейтін ұйымдардың тізімі жасалады.


Соңғы жаңалықтар
telegram