Науқастар АИТВ жұқтырған Алматы ауруханасының бас дәрігері қызметінен кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев қызметінен босатылды. Бұл мекемеде таяуда науқастар АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, Нариман Табынбаев 1 тамызда денсаулығына байланысты қызметінен босатылды.

Байқау кеңесінің конкурсы өткенге дейін 1 қыркүйектен бастап «Орталық қалалық клиникалық аурухана» директорының міндетін атқарушы лауазымына Серікжан Сабыралиев тағайындалды.

Серікжан Сабыралиев 2007 жылы С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «емдеу ісі» мамандығы бойынша, 2008 жылы М. Әлиев атындағы Қазақстан медицина университетін «урология» мамандығымен интернатураны аяқтады. Денсаулық сақтау магистрі. 2015 жылы - City University LONDON-да (Лондон, Ұлыбритания) «Денсаулық сақтау саласындағы саясат және менеджмент» мамандығымен магистратураны аяқтаған.

Еске сала кетейік, биылғы маусым айында Алматы Орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталғанын хабарлаған едік.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі 3 пациенттің ісін арнайы комиссия тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Шілде айының соңында аталған аурухананың бас дәрігері қызметінен шеттетілді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова АИТВ жұқтыру фактісі бойынша кінәлілерді анықтау үшін тексеру барысының барлық материалы тиісті органдарға жіберілгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар