Науқастарға «Болашақтың госпиталі» жобасы бойынша жоғары білікті медициналық көмек көрсетілуде
АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жаңашыл медициналық технологиялар мен алдыңғы қатарлы емдеу әдістерін енгізуді қарастырған «Болашақтың госпиталі» жобасының аясында еліміздің барлық өңірлерінен келген науқастарға жоғары білікті медициналық көмек көрсетілуде,
деп хабарлады pm.kz сайты.
Ұлттық медициналық холдингтің ақпараты бойынша, 2012 жылдың І жартыжылдығында өңірлерден келіп холдинг емханаларында емделген науқастардың үлесі 71 пайызды құрады, бұл 2011 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 24 пайызға көп. Жоғары білікті медициналық жәрдемнің үлесі 14 пайызды немесе 2538 қызметті құрады, былтыр бұл көрсеткіш 6 пайызды құраған болатын.
Оған қоса, жаңадан 10 инновациялық технология енгізілді және сол технологиялар бойынша қазіргі таңда 87 науқасқа көмек көрсетілді. Және күрделі бірегей кардиохирургиялық операциялар жасалды. Атап айтқанда, 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет науқасқа донордың жүрегін салу операциясы, жасанды жүрек орнату операциясы жасалды.
Жүрекке қан шығармай операция жасау әдісі игеріліп, 6 науқасқа осындай операция жасалды. Ал омыртқа жұлынын нейростимуляциялау бойынша жасалған операция қазақстандық нейрохирургияның үлкен жетістігі болды.
Санитарлық авиация орталығы І жартыжылдықта 353 ұшу сапарын орындап, соның арқасында 464 пациентке медициналық жәрдем дер кезінде көрсетілді, 293 науқас республикалық және облыстық емханаларға жеткізілді.
Ұлттық медициналық холдинг базасында өңірлік және орталық емханалардың медициналық қызметкерлері тұрақты оқу курстарынан өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп тұрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында 1585 маман оқып шықты. Сондай-ақ холдингтің 1,7 мың маманы өз біліктіліктерін жетілдірді, оның ішінде 138 адам шетелде тағлымдамадан өтіп келді. Бүгінгі таңда 64 дәрігер оқуларын жалғастыруда.
І жартыжылдықта холдингтің медициналық мекемелерінде 18 мыңнан астам науқас емделді, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 3,5 мың адамға көп. Оған қоса, 420 мыңнан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында Республикалық диагностикалық орталықта 157,5 мың қызмет көрсетілді.
«Болашақтың госпиталі» жобасы «Саламаты Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда.