«Наурыз» ипотекасын алу үшін ұпай қалай есептеледі

2024 жылғы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламалары
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Отбасы банктің» баспасөз қызметі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша ипотека алу үшін ұпай қалай есептелетінін түсіндірді.

«Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай», - деп жазылған ресми мәліметте.

Ал егер екі қатысушының ұпайлар тең болып қалса, қатысушылар тізіміне салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адам кіреді.

«Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында «Наурыз» бағдарламасына өткен үміткерлер тізімін көре алады. Сондай-ақ, олардың несие алуға тағы екі ай уақыты болады.

Отбасы банк осы уақыт аралығында, бар болған жағдайда, тұтынушылық несиелерді өтеуге кеңес береді, есесіне содан кейін қарызды мақұлдау мүмкіндігі көбірек болады. Шынында да, төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табыс қана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ несиелер бойынша төлемдер де ескеріледі.

Заем бойынша оң мақұлдау алған үміткердің баспана іздеуге 6 ай уақыты болады», - делінген ресми ақпаратта.

«Наурыз» бағдарламасының негізгі шарттары:

- алғашқы жарна - 20%-дан бастап;

- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);

- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);

- несие мерзімі - 19 жылға дейін.

Еске салайық, кеше «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталған болатын

Public Policy Research Center үкіметтік емес талдау орталығының директоры Меруерт Махмұтова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы кімдерге тиімді екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар