Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер көбейді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында келетін туристер саны 20 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. 7 тәулікке негізделген алдын ала мәліметке сүйенсек, киелі шаһардағы қонақ үйлерде қазір бос орын жоқ.

Наурыз
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан қаласында нөмірлік қоры 1240 бөлме 59 орналастыру орны жұмыс істейді. Оған бір мезетте 2671 адам орналасады. Мерекелік аптада Түркістан қаласындағы орналастыру орындары 100 пайыз толып тұр. Яғни, қонақ үйлерде бос орын жоқ. Сондай-ақ, әуе рейстері де 85% толған.

E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес биылғы 2 айдың қорытындысы бойынша өңірге 2 228 шетелдік турист келген. Аталған көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ 4,7 есе артқанын көреміз. Яғни, 2023 жылдың 2 айында небәрі 475 шетелдік қонақ болған. 

Наурыз
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жалпы, Түркістанға келген туристер екі күн бойы Наурыз мерекесіне арналған думанды іс-шараларды тамашалай алады.

Атап айтар болсақ, 21 наурыз күні сағат 12:00-18:00 аралығында «Жеңіс» саябағында «Нұр жауғызған әз- Наурыз» шарасы өтеді. Онда театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Кешкі сағат 19:30-да «Конгресс Холл» кешенінде халықаралық «NAURYZ BIG FEST» фестивалі өтеді деп жоспарланып отыр.

Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары 22 наурызда сағат 11:00-де «Керуен сарай» кешенінде «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік салтанатты іс-шараны тамашалайды. Онда театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, ұлттық тағамдар көрмесі, ұлттық спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде мерекелік Гала-концерт өтеді. Бұдан бөлек, 22-23 наурыз күндері Түркістан музыкалық драма театрында «Бөрте» спектаклі сахналанады.

Соңғы жаңалықтар