Наурыз мейрамын кеңінен дәріптеуіміз керек — Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Наурыз мейрамын кеңінен дәріптеуіміз керек. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Наурыз: Түп-тұқияннан бүгінге дейін
Фото: Kazinform

— Қазақстан — тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі — ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі — қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз. Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам — қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақстаннан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшіп кеткенін еске салды.

— Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз — бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту — тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады. Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі, бұл — Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көктемгі көңіл-күй мен мызғымас бірлік мерекесі еліміздің әр аймағында тойланды. Осылайша, біздің қоғамда жасампаз жаңа дәстүрлер қалыптасып, орнығуда, — деді Президент.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.

Осыған дейін Тоқаев барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.

Сондай-ақ Президент ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар