Наурыз мейрамына америкалықтардың қызығушылығы зор, қатысу үшін арнайы келеді – Алмас Хамза

Алмас Хамза
Фото: Алмас Хамзаның жеке мұрағатынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Көктем мерекесін - Ұлыстың ұлы күнін шетте жүрген қазақ диаспорасының өкілдері де атап өтеді. Мәселен АҚШ-тың Флорида штатында қазақ азаматтары отбасыларымен жиналып, кең дастархан жайып, бұл күні ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған. Соның бірі – Петропавл тумасы Алмас Хамза. Оның АҚШ-та тұрып жатқанына 2,5 жыл. Былтыр University of Florida жоғары оқу орнын тәмамдап, халықаралық бизнес магистрі атанған азамат қазіргі уақытта мамандығы бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинап жатыр.

— Қазақстаннан барғандар көп пе, араласасыздар ма? Кездесулеріңіз, әдетте қалай өтеді?

— Осы университетте Қазақстаннан келіп оқығандар көп болды. Қазір Флорида штатында 15 шақты жерлес бар, бәріміз жақсы араласып тұрамыз. Жиі болмаса да, мейрамдарда, іс-шараларда жиналып, кездесуге тырысамыз. 

Өзіміз түрлі кездесу өткіземіз, оны ұйымдастырып, көңілді болуы үшін үлес қосамыз. Мұндай жиындардың мақсаты — елге деген сағынышты басу, бірлігімізді нығайту, жоспарларымызбен бөлісіп, керек болса көмек беру, ақылдасу.

— Наурыз мерекесін тойлайсыздар ма?

— Әрине, жылда Наурыз мейрамына қатысуға тырысамыз. Ең алғаш келген жылы Орландо қаласында өткен мерекеге отбасымызбен қатысқан едік. Мейрамға жүзден астам Қазақстан азаматы қатысты. Сол іс-шараға ұлттық киім киіп бардық. Киіз үй құрып, оны өзіміз безендірдік. Өте көңілді, есте қаларлық мереке болды. Көптеген зиялы азаматтарымызбен, осы жақта тұрып жатқан түрлі сала өкілдерімен, кәсіп иелерімен таныстық, ой алмастық. Бұл шетелге енді келген біздің жаңа ортаға бейімделуімізге сеп болды.

америкада наурыз
Фото: Алмас Хамзаның жеке мұрағатынан

— Ұлттық дастарханға мән беріле ме? Ет асып, бауырсақ пірісесіздер ме?

— Әрине, дастарханға ұлттық тағамдарымыз қойылады. Ет те асылады, бауырсақ та пісіріледі. Айран, құрт қойдық. Түркі халқына ортақ мейрам болғандықтан, палау бастырылды, өзбектердің дымлямасы әзірленді. Әсіресе шетелде мұндай басқосулардың маңызы, тәрбиелік мәні өте зор ғой. Балаларымыз көріп, ұлттық салт-дәстүрімізді сезініп өседі. Бұл біздің ажырамас бір бөлігіміз, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс.

— Биыл Ұлыстың ұлы күнін тойлау жоспарда бар ма? Бағдарлама құрылды ма? Наурыз көже бола ма?

— Ия, биыл да Наурыз мейрамын тойлаймыз, жоспарлап отырмыз. Бірақ Наурызымыз Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен осы жақтағы қазақ қауымы оны мерекелеуді сәуір айына шегеруді ұсынды. Қазір осындағы қазақтар дайындықты бастап кеттік, қалай өткіземіз, яғни ұйымдастыру жұмысы жүріп жатыр.

— Америкалықтар тарапынан бұл мерекеге қызығушылық бар ма?

— Наурыз мейрамына американдықтардың қызығушылығы жыл сайын артуда. Өйткені Ұлыстың ұлы күні бір штатта ғана емес, түркі тілдес халықтардың өкілдері тұратын барлық қалаларда ұйымдастырылып келеді. Көріп, тамашалау, қатысу үшін арнайы келетін шетелдіктер бар. Мысалы былтыр мейрамға қазақшаға судай американдық келіп қатысты. Осындай нәрселерді көргенде қатты таң қаласың.

наурыз
Фото: Алмас Хамзаның жеке мұрағатынан

— Атамекеннен шалғайда жүргендіктен тілді, салт-дәстүрді ұмытпау, балалардың бойына сіңіру маңызды ғой. Ұл-қызыңыздың тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымыз шет қалып жатқан жоқ па?

— Әсіресе шетелде жүргендіктен балалармызға тілді үйрету, салт-дәстүрді көрсетіп, айту үлкен міндет деп білемін. Сондықтан да осындай іс-шаралар қажет, олар басқа балалармен өз тілінде араласады, сондай-ақ көру арқылы мейрамның, әр салтымыздың маңызын біледі, көзқарас қалыптасады.

Ал жалпы, балалармен үйде қазақша сөйлесеміз, күнде Петропавлдағы ата-әжесімен телефон арқылы бейнебайланысқа шығып, не істегендерін, не ойнағандарын жарыса айтып береді.

— Шалғайда жүргендектен елге деген сағыныш бар ма? Ең алдымен нені аңсайсыздар?

— Әрине, сағыныш бар. Осы жақта ертеден тұрып жатқан қазақстандықтармен кездескенде де олардың сөзінен сағыныш байқалады. Біздің ұлтқа тән басқаны жақын тарту, қонақжайлылық жетіспейді. Қазақтың тойларын, бүкіл туған-туыс бас қосатын үлкен жиындарды сағындым. Балалық, студенттік шағым бірге өткен достарыммен кездесулерді сағындым.

наурыз
Фото: Алмас Хамзаның жеке мұрағатынан

— Тағы қандай мерекелерді атап өтесіздер?

— Наурыздан бөлек Тәуелсіздік күнін де басымызды қосып, атап өтуге тырысамыз. Туған жерде алыста жүрген біз үшін осы екі мерекенің маңызы зор.

Менің ойымша, патриоттық сезім, елге деген сағыныш осылайша шалғайда жүргенде қатты байқалады. Шетелдіктермен әңгімелескенде елім, ұлан-байтақ жерім туралы айтқанда ерекше бір сезімде боласың.

— Жерлестеріңізге сізден бір тілек.

— Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр отбасына береке-бірлік, молшылық тілеймін! Бейбітшілік болып, Қазақстанымыз көркейе берсін!

палау
Фото: Алмас Хамзаның жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар