Наурызнама: Маңғыстауда жыл басы Наурыз ерекше ауқымда тойланып жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM  -  Наурыз мерекесіне орай 22 наурызда Амфитеатр алаңында 27 дәстүрлі қазақ киіз үйі тігілді. 

Ақтау
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Амфитеатр сахнасында қала қонақтарына 300-ден астам адам өнер көрсететін «Науша Наурыз – бақ, ырыстың бастауы» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Жағалауда ат пен түйе мінген шабандоздар және қазақтың тазы тұқымды иттерін жетектеп, бүркіт баулағар бүркітшілердің шеруі өтті.

Наурыз
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Биыл Маңғыстауда ұйымдастырылған «Көрпе Fest – 2024» қолөнершілер фестивалі Наурыз мерекесінің айрықша ерекшелігі болып отыр. Наурызды тойлау аясында Ақтау жағалауында құрақ құрайтын 15-ке жуық әйел жиналып, көрпе, жамылғы, жастық сияқты өздерінің ерекше өнімдерін ұсынды.

«Көрпе Fest-2024» қолданбалы өнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізіледі. Соның арқасында қазақ ою-өрнегі ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеледі. Көрпе тігу дегеніміз халық арасында құрметке ие қолданбалы өнердің ерекше түрі. Бұл біздің рухани жан-дүниемізбен тікелей байланысты ғасырлар бойғы тарихымызды көрсетеді. Фестивалге қатысушылар өз шеберліктерін одан әрі жетілдіріп, жаңа заманауи өрнектерді пайдалана отырып, халықтың қолөнерін дамытып, халықтың шығармашылығындағы осы өнердің беріктігі мен өшпейтініне ықпал етеді деп сенемін», - деді фестиваль ұйымдастырушысы, Маңғыстау облысының отбасылық-демаграфиялық саясат жөніндегі облыстық комиссиясының мүшесі, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Тілектес Болатбаева.

мереке
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін ҚР Суретшілер Одағының Маңғыстау облыстық филиалы облыстық суретшілер көрмесін ұйымдастырып жатыр. Аталған шараға 35 қылқалам шеберінің туындылары қойылған.

мереке
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Өз кезегінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев облыс тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамының басталуымен құттықтап, биылғы жылы мереке жаңа форматқа ие болғанын атады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде тарихи жадымыз бен ұлттық бірегейлігімізді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Біз келесі ұрпағымыз бәсекеге қабілетті, білікті, шынайы патриот болу үшін генетикалық кодымызды өшірмей. келесі ұрпаққа жалғастыруымыз керек. Наурыз мейрамы-бұл көктемнің, еңбек пен қуаныштың мерекесі ғана емес, сонымен қатар бірлік, татулық мерекесі. Нағыз күш-жігеріміз елдің бірлігінде жатыр. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында ғана біз өз елімізді одан ары жақсарта аламыз. Бұл мереке бізге жаңа жетістіктерге жету үшін күш пен қуат бергей. Ал әрбір шаңыраққа бейбітшілік, тыныштық пен амандық тілеймін», - деді Нұрлан Ноғаев.

мереке
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтаудағы мерекелік іс-шара аясында өңір өнерпаздарымен концертімен басталып, балуан күрес, өзге де ұлттық ойындармен жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар