НАУРЫЗ: «Астана Опера» театрында миманс әртістері қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер қояды
Бағдарламасы қызықты әрі алуан-түрлі кеште жүрекке жақын қазақ халық әндері, романстары мен саздары, Қазақстан композиторларының операсынан көріністер шырқалады. Көпшілік сүйіп тыңдайтын «Жар-Жар», «Тойбастар», әсем құс - аққуды бейнелейтін «Гәкку» әні және басқа композициялар ұлттық опералық классиканы бағалаушылар мен сүйер қауымды қуантатыны сөзсіз. Ұлттық мереке әдет-ғұрыпсыз өтпейді. Концерт барысында қазақтың асыл қазынасы -салт-дәстүрін түгелдей көрсету мүмкін болмаса да, Той бастар, отау құру, жан тебірентетін нәзік салтымыз - бесікке бөлеуден көріністер қойылады. Көшпенді қазақ тазалықты ұстанып, дүниеге келген сәбиді бесікке бөлеген. Осы әдет-ғұрыпты миманс әртістері көрсетеді. Кешке қатысатындардың барлығы, концертмейстер де ұлттық киім киеді. Камералық залдың академиялық сахнасы ұлттық нақышта безендіріліп, көрермен киіз үйдің интерьерін тамашалай алады. Музыкатанушы Жәкенова Маржан Наурыз-Көктем концерті тыңдарманға көктем, жаратылыстың жаңаруын, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынын айтады. «Концертке «Астана Опера» театрының жетекші солистері: Дина Хамзина, Айзада Қапонова, Жаннат Бақтай, Әлфия Кәрімова, Гүлзат Дәуірбаева, Ғалия Байғазинова, Жәмиля Жарқымбаева, Бейімбет Таңарықов, Азамат Жылтыркөзов және басқалары қатысады. Кеш көрерменнің жүрегіне жететін, оларға нағыз мереке сыйлайтын мазмұнды болғалы тұр», - дейді Маржан Жәкенова. Концерт сағат 19:30, билет бағасы 1 500 теңгені құрайды.