Наурыз айында күріш пен күнбағыс өндірісін форвардтық қаржыландыру басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев форвардтық қаржыландыру тәсілі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірісінде қалай қолданылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерін жеткізуге форвардтық қаржыландырудың жаңа тәсілі 3 кезеңде енгізіледі. Бірінші кезең күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алуды және кейін осы алынған көкөністі маусымаралық кезеңде нарыққа жеткізуді қамтиды. Бұл көкөніс бағасының ең жоғары өсімі қыстың аяғында және көктемде болуына байланысты», - деді ол ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұдан былай егін жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін көкөніс өндірісі бір жыл бұрын қаржыландырылады.

«Яғни, келесі жылдың ерте пісетін көкөніс өнімін алу үшін қаржы жылының 1 тамызына дейін, ал келесі жылдың күзінде пісетін көкөніс өнімін алу үшін 1 қыркүйекке дейін қаржыландырылады», - деп түсіндірді министр.

Аталған тәсілдің екінші кезеңінде шикізат сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыру көзделген.

«Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрілігі өңірлер мен қант зауыттары арасындағы меморандум аясында қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландырып жатыр. Сондай-ақ, қарақұмық, күріш және күнбағыс өндірушілерін өңдеуші кәсіпорындар арқылы форвардтық қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Оны енгізу 2023 жылғы наурызға жоспарланып отыр. Үшінші кезең арзандатылған астықты мемлекеттік қолдау және өткізу тетіктері арқылы қаржыландыруға бағытталады. Оны енгізу 2023 жылдың маусым айына жоспарланған», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар