Наурыз айының басында отандық теледидардан «Comedy Сlub KZ» әзіл-оспақ жобасы шығатын болады

АЛМАТЫ. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Наурыз айының басында Жетінші арна эфирінен «Comedy Сlub KZ» жобасы шығатын болады.

Наурыз айының басында отандық теледидардан «Comedy Сlub KZ» әзіл-оспақ жобасы шығатын болады

Жаңа әзіл-оспақ шоудың басталуы жайында бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында хабарланды. Жобаның продюссері Евгений Жағалтаевтің айтуынша, қазақстандық шоу ұлттық әзіл мен қазақстандық телекөрермендер талғамының ерекшеліктерін ескере отырып, ресейлік шоудың үлгісі мен стилистикасы негізінде жасалынатын болады. «Сабақтастық бір ғана формат аясында шектелінбейді. Мәскеуден Алматыға шоудың декорациялары әкелінеді. Ресейлік шоудың қатысушылары мен танымал резиденттері де шақырылатын болады. Әр шоудың шығарылымына 13-15 қазақстандық әртістермен қатар, екі-үш ресейлік қонақтар қатысатын болады. Жобаның түсірілімі 22 ақпан күні басталады», -деді ол.

Оның айтуынша қазіргі уақытта қатысушылар қатаң іріктеуден өткен. «Екі айға созылған кастингте Қазақстанның барлық аймақтарынан келген мыңға жуық қатысушылар бақтарын сынады. Нәтижесінде продюсерлер 13 актерді іріктеп алды. Дегенмен, талантты актерлерді іздеу тоқтатылмайды, сондықтан «Comedy Club KZ» резиденттерінің саны өсуі мүмкін. Ол телекөрермендер үшін үлкен ұтыс», - деп атап өтті Евгений Жағалтаев баспасөз мәслихатында.

Е.Жағалтаевтың пікірінше бұл жоба қазақстандық телекөрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын бағдарлама болмақ.