Наурыз айының басында жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 7,1 пайызға көтерілді - Т. Дүйсенова
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылғы наурыздың 1-індегі жағдай бойынша жұмыссыздардың саны 598 мың адамды құрады. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап еңбек нарығындағы ахуал төмендегенін еске салып өткен жауапты хатшы, «2008 жылдың қазан-желтоқсан айларында жұмыспен қамтылған халықтың саны 126,2 мың адамға қысқарды, ал жұмыссыздардың саны 12,5 мың адамға көбейді», деді.
Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар айында жұмыспен қамту деңгейі тағы да 40 мың адамға төмендеді, сондай-ақ 2009 жылғы наурыздың 1-індегі жағдайға қарағанда жұмыссыздардың саны 598 мың адамды құрады. Ал жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 7,1 пайызға дейін көтерілді.