Наурыз мерекесі Астанада кеңінен атап өтілуде
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - «Биылғы жылы Наурыз мейрамы Астана қаласында кеңінен атап өтілуде», -деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Барлық балабақшалар мен мектептерде Наурыз мейрамына орай мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Қалада «Армысың, әз Наурыз!» атты қалалық байқау жарияланып, 92 мекеме байқауға қатысуға өтініш білдірді. Байқау 15 наурызда басталып, 27 наурызда өз мәресіне жетеді. Сондай-ақ, Наурыз мейрамына орай Тілдерді дамыту басқармасы «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік бағдарлама әзірледі. Мерекелік іс-шараның басты мақсаты - қала жұртшылығына Наурыз мейрамы - тарих қойнауынан келген, ата бабамыздан мирас болып қалған мейрам екенін көрсету, терең философиялық мағынасын ашу, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау, көктемнің, еңбектің және бірліктің мейрамы - жалпыұлттық мейрам екенін көрсету болып табылады.
Концерттік бағдарлама - сахна төріне Қызыр бабаның келуімен басталып, көрісу дәстүрі мағынасының ашылуымен жалғасады. Жер жылып, күн әуелеп, төңірек кеңіп, Күн мен түн теңескен күні ата-бабаларымыз қалыптасқан салтпен көрісетін болған. «Көрісу» Наурыздың байырғы дәстүрі. Көрісуден кейін халықты құттықтап, ақын арнау айтады. Одан кейін әр этностың 10-12 баласы Саумалық дәстүрін көрсетеді. Дәстүрдің аяғына қарай балалар Қызыр бабамен кездесіп, Қазақстан, Астана, Наурыз мейрамы туралы әңгіме құрады.
Мерекелік іс-шара аясында кішкентай балалардың тұсауы кесіліп, Қызыр ата бата береді. Театрландырылған көріністерге Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық драма театрының әртістері қатысады.
Мерекелік концертте белгілі әртістер Гүлзира Бөкейхан, Айгүл Елшібаева, Серік Оспанов, Нұрай Танабаев, Татьяна Хасиянова, «Самұрық» тобы өз өнерлерін көрсетеді. Сондай-ақ, Қарагөз Гасимова, Ләззат Көбенова, Елнұр Қадырбек сынды әртістер өз өнерлерін ортаға салады. Жастар арасында айтыс өткізіліп, күй орындалады.
Наурыз мейрамы - Қазақстанда тұратын барлық этностарға қымбат және ортақ мейрам. Наурыз мейрамы бұл халықтық мереке, достық пен туыстықты нығайтуда маңызы зор. Қаладағы этномәдени орталықтардың өкілдері іс-шараға белсене атсалысуда. Әр этностардың өкілдері өз өнерлерін көрсетеді. Мысалы, әзірбайжан, өзбек, ұйғырлардың ұлттық билері, қырғыз, поляк әндері орындалады.
Мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары шақырылып отыр. Кешке қарттар мен мүгедектер, сондай-ақ балалар үйлерінің өкілдері қатысып, оларға арнайы сыйлықтар беріледі.