Наурыз мерекесі баршамызға құт-береке әкелсін - Нұрберген Жұмағазиев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Наурыз мерекесі баршамызға құт-береке әкелсін. Отанымызға - береке, халқымызға - игілік, мемлекетімізге - молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Еліміз өркен жайып, Наурыз бәрімізге ынтымақ пен сәттілік ала келсін. Бұл туралы шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Наурыз мерекесі баршамызға құт-береке әкелсін - Нұрберген Жұмағазиев

null
1990 жылы 29 қарашада Теректі ауданы Шағатай ауылында өмір есігін ашқан Нұрберген кейін Орал қаласындағы №25 және №44 мектептерде білім алды. Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатты бітірген ол шорт-трекпен 11-12 жасынан айналысып келеді. Дәл сол кез Оралда жабық мұз айдыны сарайы ашылып, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің талапты балаларды іріктеп ала бастаған тұсы еді. Он бес жылғы еңбек өз нәтижесін беріп, қазақстандық шорттрекшілер үшін өткен маусым сәтті болды деуге негіз бар. 2016 жылы алдымен Абзал Әжіғалиев әлем кубогы кезеңінде қазақстандық шорттрекшілер арасынан алғашқы болып 500 метр қашықтықта топ жарса, содан кейін Нұрберген Жұмағазиев 1000 метрден бірінші келді. Биыл Денис Никиша Минскіде өткен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта жеңімпаз атанса, Абзал Әжіғалиев мәре сызығын екінші болып қиған еді. Нұрберген сол өзінің оң жамбасына келетін 1000 метрден қола жүлдені иеленді. Оған қоса Қазақстан құрамасы 5 мың метрлік эстафеталық жарыста үшінші орынды еншіледі. Сондай-ақ қазақстандық шорт-трекшілердің Алматы қаласында өткен ХХVІІІ қысқы универсиадада жүлдегерлер қатарынан көрінгені белгілі. Қысқаша айтқанда, әлемдік шорт-трек шеберлері қазақстандықтармен санаса бастады.
null  

«Оралға Наурыз мерекесі қарсаңында келіп, отбасымызбен қауышып, үлкен қуаныш үстіндеміз. Әкем Батырғали «Казтрубпром» кәсіпорнында токарь болып еңбек етсе, анам Зинегүл үйде отырады, зайыбым Шынарайға қызым Нұрайды бағуға көмектеседі. Екі апам, бір қарындасым бар. Қарындасым Ғалия да шорт-трекпен дендеп айналысады, Астанадағы спорт-интернатта оқиды. Оралға келген соң, Ұлыстың ұлы күніне орай ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарысқа құрметті қонақ ретінде қатысып, өзіміз де асық атып, мәз болып қалдық. Мен бүгін Алматыға ұшамын, Абзал Әжіғалиев пен Айдар Бекжанов сәл кейінірек келеді. Денис Никиша да қосылады. Алматыда жарақатымды емдегеннен кейін Астана, содан сәуір айында Испанияға барып, голландықтармен бірге 2018 жылғы олимпиадаға іріктеу жарыстарына дайындықты бастаймыз. Биыл күзде басталатын әлем кубогының төрт кезеңінде бақ сынаймыз, соның үшеуіндегі жақсы көрсеткішіміз есептеледі. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиада ойындарына берілетін жолдаманы жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғасақ дейміз. Ең басты мақсатымыз да сол», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Нұрберген Жұмағазиев. 
null