Наурыз мерекесі -бейбітшілік пен қоғамдық келісім жолындағы тұрақты қоғам құруға зор ықпалын тигізіп отыр - ҚХА құттықтауы

АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы барша қазақстандықтарды халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады.
None
None

«Наурыздың келуімен жер дүние жаңарып, табиғат түлейді, дастарқан аққа толып, елдің мерейі үстем болады, жер үстінде көктемгі шаттық орнайды. Халқымыз үшін бұл күн қашанда ырыс пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің, жастықтың және жаңғырудың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні елдің басы бір арнаға тоғысып, бірлігі бекемделіп, елдік мұраттар сабақталады. Ағайын, туыс, көрші, дос - жұрт болып жұмылып өткеннен қалған өкпе, назын ұмытып төс қағысып сәлемдесіп, ақ дастарқаннан дәм татады. Елдің татулық пен келісімде өмір кешуі, барша азаматтардың тұрмысы мен тегіне қарамастан тең құқыққа ие болуы, күн мен түн теңесіп, табиғатта, әлемде теңдік орнайтын Наурыздың қағидаттарына тура келеді», делінген Ассамблея сайтына орналастырылған құттықтауда.

«Тәуелсіздік тарихында берекелі болашағымыз несібелі болсын деген ниетпен рухани құндылықтарымызға жете мән беріліп ата дәстүрімізді жаңғыртуға кең жол ашылып келеді. Соның ішінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі - елді бейбітшілік пен қоғамдық келісім жолындағы, ырысы мол тұрақты қоғам құруға бағыттауға зор ықпалын тигізіп отыр.

Бүгінде Наурыз мерекесі Қазақстан халқына тән жалпыға ортақ құндылыққа, елдік дәстүрге айналды. Бұл күні барша отандастарымыз Наурыздың салтына сай бірін бірі ақ дастарқанға шақырып, бойына қуат тілеп, ас тартып, жаңа кезеңде ашық-жарқын жаңаша қарым-қатынасын бастайды. Елдің тілегі айтылып, жаңғыруға бастайтын ұлы мерекеде халқымыздың ынтымағы жарасып, еліміз молшылыққа, ал әр шаңырақ - бақыт пен шаттыққа толсын деп тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», делінген онда.

Соңғы жаңалықтар