Наурыз мерекесінде Астанада бұдан 150-200 жыл бұрынғы түрік сазы мақамдары шырқалды
АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында бауырлас Түркия елінің атақты өнер шебері Ферхат Дурмуш Наурыз мерекесі құрметіне арнайы концерт берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Әнші 1971 жылы Түркияның Мерзифон ауданында туған. Ол Мерзифон консерваториясын бітіріп, Анкарада Жошқұн Гүла және Біржан Пұллықшыоғлы сияқты атақты музыканттардан дәріс алды. 1996 жылы Жапонияның Нигата қаласында орналасқан Кашиуазаки түрік мәдениет ауданында 3 ай бойы саз әуендерін, түрік халық әндерін насихаттайтын концерттер берді. 2000 жылы Шеф Зафер Гүндіоғлы басшылығымен Германияда өткен Мыңжылдық түркілері (түрік дәстүрлі әндері) бағдарламасына қатысып, Гиннесс рекордтар кітабына енді. Ферхаттың орындауындағы саз мақамдары бұдан 150-200 жыл бұрынғы түрік жыршыларынан қалған баға жетпес мұра. Ол Түркияның шығысынан Эгей теңізіне дейінгі Анадолы түріктерінің 7 аймағындағы ән мектептерін түгел аралап, халық сазының ежелден келе жатқан нақыштық әуенін бұзбай, насихаттап жүрген өнер иесі. Онда Анадолы түріктерінің ата жұрты болып саналатын қазақ әуендерінің сілемдері де бар. Бүгінде «Сакудер» атты музыка және музыканттар қоғамын құрып, оған басшылық жасап отырған Ферхат Дурмуш Түркиядағы ТІКА халықаралық ынтымақтастық қоғамының Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен Президенттік мәдениет орталығының арнайы шақыртуымен Астанаға келіп отыр. Көрермендердің зор қошеметіне бөленген концерттен кейін түрік әншісі Фархат Дурмушқа Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков зор алғысын білдіріп, халқымыздың дәстүрімен иығына шапан жапты және ескерткіш сыйлық тарту етті.