Наурыз мерекесінде GSM Қазақстан/Kcell абоненттері 80 миллионға жуық қоңырау шалды
АЛМАТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 22 наурызда Kcell және Activ абоненттері бір-бірін Жаңа жыл мерекесімен құттықтау үшін 80 миллионға жуық қоңырау шалған.
GSM Қазақстан/Kcell компаниясының баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп.
«Біздің статистикамызға қарағанда әдеттегі күндермен салыстырғанда Наурыз мерекесі кезінде қоңыраулар саны 8 пайызға, жіберілген смс-құттықтаулар - 2 есеге көбейді. Егер біз өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деректерімен салыстырсақ компаниямыздағы абоненттердің сөйлесу белсенділігі 5 есеге, қысқа хабарламаларды жіберу 1,3 есеге өскенін аңғарамыз», - дейді байланыс операторының Корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Аида Досаева.
Оның айтуынша, мереке кезінде компанияның желісінде қандай да болса күрделі мәселелер орын алған жоқ. Бұған олардың өз желісінің өткізгіштік қабілетін ұлғайту үшін барлық қажетті шараларды олар алдын ала жасауы өз септігін тигізген.