Наурыз мерекесінде мұнайшылар 350 балаға сыйлық жасады - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ әсерлі көріністерімен есте қаларлықтай думанды мейрам ұйымдастырды. Бұл күні балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге асыр салып, би билеп қана қоймай, сыйлыққа тіл үйірер тәттілер, жұмсақ ойыншықтар және киім-кешек алды.
None
None

«ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Хұсайын Сәрсембаевтың айтуынша, осы күні Наурыз тойын тойлауға 350 бала шақыру алған.

«Мерекелік ертеңгілікке шақыру қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы таратылды, - деп түсіндірді ол. - Жылда біз бұл шараға қалаға іргелес жатқан ауылдар мен кент округтарынан тұрмысы төмен отбасылардың балаларын неғұрлым көбірек қамтуға тырысамыз. Мақсатымыз - балаға ғажайып көңіл-күй сыйлау». Бұл күні барлық балалар сәнді киімдер киіп келді. Кейбіреулері ертегілердегі кейіпкерлердей киініп алса, ал енді бір балалар ұлттық киімдер киіп келген. Қыдыр Ата, Күз, Қыс, Көктем және Жаз есімдерін иеленген кейіпкерлердің қатысуымен сахналық көріністе жан-жаққа бытырап кете берген қозыларға ие бола алмайтын жас бақташының іс-әрекетін бейнелейтін биді «Балбұлақ» би тобы өте тартымды орындады. Музыкасы мен орындауының әсерлі болғаны сонша, балғын көрермендердің көбісі орындарынан тұрып, биге қосылып кетті. Мерекелік шара аяқталған соң балалар да, оларды ертіп келген ата-аналар да өздеріне осындай шат-шадыман мейрам сыйлаған «ПҚҚР» компаниясына разашылық сезіммен және көтеріңкі көңіл-күйде тарап жатты.

Соңғы жаңалықтар