Наурыз мейрамы Финляндияда тұратын Орталық Азия халықтарының басын біріктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Суомиде тұрып жатқан Орталық Азия елдері диаспораларының өкілдері, сондай-ақ Финляндияның қоғам және мәдениет қайраткерлері Хельсинкиде Наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Наурыз мейрамы Финляндияда тұратын Орталық Азия халықтарының басын біріктірді

Іс-шара «Жұлдыз» Орталық Азия елдері ассоциациясы мен «Сәуле» мәдениет орталығының бастамасымен және Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінің қолдауымен Финляндия жұртшылығын Орталық Азия халықтарының мәдени мұрасымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.

«Жұлдыз» және «Сәуле» бірлестіктерінің белсенділері, Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Мұрат Нұртілеуов жиналған қауымды Орталық Азияның бауырлас халықтары үшін жаңа өмірді, жаңаруды және бірігуді білдіретін «Көктемгі күн мен түннің теңелуі күнімен» құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.



Өңір мемлекеттері басшыларының биылғы 15 наурызда Астанадағы тарихи кездесуінің нәтижелеріне ерекше назар аударылды. «Жұлдыз» ассоциациясының басшысы Мәвлүдә Пейпонен:

«Суомидегі қазақтар, өзбектер, қырғыздар, тәжіктер және түрікмендер оқиғаның тынысын терең ұғынды. Бұл шындығында елдеріміз арасындағы қазіргі қарым-қатынастар тарихында жаңа белес болып табылады.

Осы орайда, мен үшін келешек гүлденуі бір-бірінсіз мүмкін емес өңіріміз әрқашан біртұтас саяси, экономикалық және мәдени алаң екенін атап өткім келеді. Сондықтан, біз барлық бауырлас халықтарды біріктіретін және Оралық Азия елдерінің Финляндиямен өзара тиімді байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беретін ассоциация құру туралы бастама көтердік.

Сонымен қатар, мен басқаратын қоғамдық ұйымның міндеті - негізгі құрамы даусыз Орталық Азия мұрасы болып табылатын жаһандық рухани және мәдени бағдарларды қалыптастыру», - деген пікірлерімен бөлісті.

«Сәуле» қоғамдастығының белсенді мүшелерінің бірі Гаухар Әлімханова: «Біз Астанадағы және көршілес елдердегі жаңалықтарды мұқият қарап отырамыз. Орталық Азиядан шыққан Финляндия тұрғындарының көпшілігі де тату көршілік пен тығыз кооперация жалпы жетістіктің кепілі ретінде қабылданатын жетпіс миллион халқы бар өңірдің ажырамас бөлігі ретінде сезінеді.

Қазақстан астанасындағы биік деңгейдегі кездесу біздер үшін 2018 жылдың басындағы ең ірі және қуанышты саяси оқиға болды. Біз Астанада көшбасшыларымыз бен мемлекеттеріміздің бірлігін көрдік, қарым-қатынастарды нығайту үшін жаңа серпіннің пайда болғанын, бауырлас халықтар арасындағы дәстүрлі достық байланыстарын тереңдетуге деген саяси ерік пен нық ұмтылысты байқадық.


Бұл кездесудің өңірлік ынтымақтастықта жаңа белес ашатынына сенімдімін, біздер ортақ дәулет пен тұрақтылыққа апарар үлкен жолдың басында тұрмыз. Біз Финляндиядағы ең ірі Орталық Азия диаспорасы ретінде Президентіміздің жасампаз ойларын қолдап, ілгерілетуге ниеттіміз», - деп атап өтті.

Іс-шара қонақтарына өңір халықтары мәдени мұрасының, салт-дәстүрлерінің бар байлығын көрсеткен Оңтүстік Қазақстан шығармашылық тобының дарынды орындаушылары мен Орталық Азия диаспорасының концерттік бағдарламасы көрермендердің ерекше қошеметіне бөленді.

Қазақстан дипломаттары іс-шара барысында қонақтарға еліміздің ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы жетістіктері мен бастамалары, сондай-ақ елімізде «100 қадам» ұлт жоспары, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты және «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрмыстағы үш бірлікті жаңғыруды ілгерілету барысы жайлы айтып берді.