Наурыз мейрамы күндері Қазақстанның басым аумағында күн аязды, жауын-шашынды болады деп болжануда

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Наурыз мейрамы күндері Қазақстанның басым аумағында күн аязды, жауын-шашынды, көктайғақ болады.

Наурыз мейрамы күндері Қазақстанның басым аумағында күн аязды, жауын-шашынды болады деп болжануда

Бұл туралы бүгін көктем-жаз маусымындағы ауа райының болжамдарына арналған брифинг барысында «Қазгидромет» РМК Гидромет орталығының директоры Баян Сазанова мәлім етті.

Б. Сазанованың айтуынша, қыс қаһары еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарынан әлі де кете қоймайды. Астанада күн бұлтты, жауын-шашынсыз, күндіз 3-8 градус арасында аяз болады деп болжанса, түнгі мезгілде температура 20 градусқа дейін төмендемек.

Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында 21-22 наурыз күндері ауа райы бұлтты, жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Күндіз 0-5 градус, түнде 18-20 градус аяз түседі. 23 наурызда аяз сәл басылып, күндіз 0-3 градус жылы, түнде 5-10 градус суықты көрсетеді.

Мереке күндері елдің шығысында күн бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Түнде 23-28 градус шыңылтыр аяз, күндіз 10 градус суықты көрсетеді. 23 наурызда күндіз 0-3 градус, түнде 5-10 градус суық болады.

Наурыз мейрамы күндері солтүстік-батыс аймақтарда - Ақтөбе және Қостанай өңірлерінде 0-5 градус аяз, күн бұлттанып, қар жауады. Түнде -10 градусқа дейін төмендейді.

Республиканың батысында - Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында күн бұлтты, ара-тұра жауын-шашынды болып, тұман түседі. Кей жерлерде көктайғақ болады. Күндіз 4-9 градус аралығында жылы болса, түнгі уақыттарда -1-4 градусқа дейін аяз тұрады. Мереке күндерінен кейін күн 7-12 градусқа дейін жылынып, ауа райы жауын-шашынсыз болмақ.

Орталық Қазақстанда да түнгі мезгілде 20 градус, күндіз 0-5 градусқа дейін суық болмақ. 23 наурызда қар жаууы ықтимал.

«Қазгидромет» басшысының атап өткеніндей, елдің оңтүстік-шығыс аймағы (Жамбыл, Алматы обл.) қазірден бастап жылы көктемгі мезгілге бой алдырып отыр. Ол жерлерде Наурыз мейрамында термометр 3-8, кей уақыттарда 13 градусқа дейін жылылықты көрсетеді. Күн жауын-шашынды, тұман түсуі мүмкін.

«Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары күндіз 13-15, түнде 5-8 градус жылы болмақ. Күн бұлттанып, таулы аймақтарда жауын жауады деп болжануда»,-деді маман.