Наурыз мейрамы ұлттық салт-дәстүрге құрметпен қарауға жетелейді - Б.Тілеухан

АЛМАТЫ. 22 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның айтуынша, Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күніне айналдыру әр адамның өз қолында.

Наурыз мейрамы ұлттық салт-дәстүрге құрметпен қарауға жетелейді - Б.Тілеухан

Үкімет Наурызды ұлықтауда өз қолынан келетін іс-шараны жасап жатыр. Биыл үш күнді демалыс деп жариялап, соның нәтижесінде қазақстандықтар күн мен түннің теңеліп, барша тіршіліктің ояндырған Жаңа жылды 5 күн мерекелеуге мүмкіндік алып отыр.

«Ұлыстың ұлы күнінде туған-туысты аралайтын болған соң ол міндетті түрде мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ол өз ұлтыңның салт-дәстүріне құрметпен қарауға жетелейді. Ал қоғамдық сананы көтеру үшін әрбір адамның белсенділігі керек. Оған менің не қатысым бар деген теріс ойдан арылу қажет», - дейді Бекболат Тілеухан. Өнер саңлағының сөзіне қарағанда, әр азамат Наурыз келгенде наурыздық сипаттағы киімдерін киіп, отбасында наурыз көжесін жасап, туыс-туған мен көрші-қолаңды шақырып, бір-біріне береке-бірлік тілейді. Өз белсенділігімізді көрсетсек, бізбен өзге жұрт та санасатын болады.