Наурыз мейрамына орай Алматы кинотеатрларында отандық кинолар тегін көрсетілуде
АЛМАТЫ. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Наурыз мейрамына орай Алматының бірқатар кинотеатрларында отандық кинолар тегін көрсетілуде.
Наурыздың 19-23-і аралығында көрсетіліп жатқан бұл қайырымдылық шараға қала әкімдігі ұйытқы болып отыр.
Бүгін қала тұрғындары ҚазҰУ студенттік қалашығында орналасқан орналасқан кинотеатрдан «Несиеге махаббат» картинасын тамашалауда. Сонымен бірге Silk Way City кинотеатрында «Қос тапанша», «Promenade Cinema» кинотеатрында «Секер» кинофильмдері ұсынылады.
Ал ертең «Искра» кинотеатрынан «Ғашық жүрек» және ҚазҰУ студенттер кинотеатрынан «Алпамыс мектепке барады» көркем фильмдері қазақ тілінде көрсетілетін болады. Сондай-ақ Алматы жұртшылығы наурыздың 23-і күні де «Иллюзион» және Star Cinema, Cinema Towers кинотеатрларында отандық фильмдерді тамашалай алады.