18:21, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Наурыз мейрамында Қазақстанның 7 кереметі анықталады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Биылғы наурыздың 22-сінде Қазақстанның 7 кереметі анықталады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Әлем Арт» қоғамдық қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстанның 7 кереметі» жобасы өткен жылғы қыркүйектің 23-інде «Әлем Арт» қоғамдық қорының бастамасымен басталған болатын. 7 кереметті анықтау үшін арнайы сайт ашылып, онда интернет пайдаланушылар Қазақстанның табиғаты мен тарихи кереметтеріне дауыс бере алу мүмкіндігі туған еді. Сайт іске қосылған 4 айдан бері 40 мыңнан астам дауыс берілген. Бүгінгі баспасөз мәслихатында хабарланғандай, жоба мемлекеттік органдар тарапынан қолдауға ие болған. Атап айтқанда ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанындағы туризм индустриясы комитеті жобаны дамыту ниетін білдірген. Сондай-ақ Астанада «Қазақстанның 7 кереметі» байқауын өткізу туралы» бұйрық ратификацияланып, оған ҚР Туризм және спорт, ҚР Мәдениет және ақпарат, ҚР Білім және ғылымы, ҚР ауылшаруашылығы министрлері қол қойған. Мемлекетік органдардың қолдауына сәйкес жоба ендігі уақытта «Табиғат кереметі», «Халық игілігі», «Осы заман қазынасы» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтамақ. Қазақстанның 7 кереметіне қатысушы нысандар тізімін www.7keremet.kz cайтынан көруге болады. Ақпанның 27-сіне дейін онда әр аталым бойынша 15, барлығы 45 нысанның тізімі жарияланып, 1-ші кезең жүзеге асады. Одан кейін таңдалып алған нысандар ішінен негізгі 7 керемет Наурыз мейрамына дейін интернет пен SMS дауыс беру арқылы анықталмақ.