Наурыз мейрамының маңыздылығын арттыру қажет-М. Әбенов
АНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Міне, көктемнің қуанышын, Күннің шуағын сыйлаған Наурыз мейрамы елімізге құт-берекесін ала келді. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов ұлық мерекеміз туралы ойларымен бөлісті.
- Мұрат Абдуламитұлы, Ұлыстың ұлы күні жақындап қалды, өз ойларыңызбен бөліссеңіз?
- Қазір Наурыз мерекесінің рөлі өте жоғары болып тұр. 2009 жылы қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізілуі арқылы қосымша демалыс күндері пайда болды. Әрине, ол күндерді мәнді де мағыналы өткізу - елімізге сын.
- Наурызды мерекелеу туралы қандай ой-толғамдарыңыз бар?
- Менің айтайын деген бір пікірім бар. Тәуелсіздік алған тұста егемен болғанымызға, ұлттық салт-дәстүріміздің қайта оралғанына қуанып, алғашқы жылдары киіз үй тігіп, тағамдар даярлап, «наурыз көже» пісіріп, бір-бірімізге тойға барумен шектелдік. Наурыз мерекесі бірінші кезекте халық болып тойлаудың рөлін атқарды. Міне, Тәуелсіздігімізге 20 жыл толғалы тұр. Енді осы мерекенің маңыздылығын арттыру керек. Жаңа жыл есебінде жылды қорытындылау, саяси-экономикалық тұрғыда ел болып қол жеткізген жетістіктерімізді саралау қажет.
Мысалы, 31 желтоқсанда әр түрлі байқаулар өткіземіз. Өзіміздің Жаңа жылымыз - 22 наурызда неге сала-сала бойынша әр түрлі сайыстар өткізіп, жеңімпаздарын марапаттамаймыз? Наурызда елдік маңызы зор инновациялық жобалардың тұсаукесерін өткізсек, ғажап болар еді. Әр түрлі деңгейдегі қоғам мүшелеріне әлеуметтік қолдаулар көрсетілгені жөн.
Мәселен, мен жуырда іссапармен Ақтау қаласына барып келдім. Маңғыстауда сақталып келген Амал мерекесі бар. «Жаңа жыл құтты болсын! Табиғат жаңарды, өзгерді, өткен қыстан қандай нәтижемен шықтық? Алға қойған қандай жоспарларымыз бар?» деп өткенге қорытынды жасап, келешекке көз салады. Бір-бірімен қуана қауышып, көрісетін дәстүр бар екен. Маған керемет ұнады. Жасы кішілері үлкен адамдардың үйіне барады. Дастархан жайылады. Сол жерде қариялар жастарға ақыл-кеңесін, өсиетін айтады. Жастар жоспарларын жария етеді. Өзара сыйластықпен өткен отырыс ең үлкен қарияның бата беруімен аяқталады. Менің ойымша, басқа өңірлерде де осындай жаңа дәстүрлерді қосымша енгізуіміз керек.
- Көңілге кірбің түсіретін қандай жайттарды атап өтер едіңіз?
- Қазір бір теріс үрдіс пайда болып жүр. Тек қана орталық алаңда киіз үйлер тігіп, оның есігін кілттеп қойып, әкім, басшыларды қарсы алып, жиған-тергенімізді солардың жеп кеткенін күтіп отырғанша, оны ортақ мерекеге айналдыруымыз керек. Айталық, «наурыз көже» тегін таратылады. Әр адам қай үйге кіремін десе, құдайы қонақ болып кіріп, дастарханнан дәм татуы мүмкін. Сондықтан біз кейбір ұстанымдарымызды өзгертуіміз керек. Наурыз мерекесі әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға көмек көрсету болып табылады емес пе? Меніңше, сол әкімдер мен басшылар, министрлер өз үйінде, өз ауласында тамақ дайындап, қарапайым қызметкерлерді шақырып, дастархан жайып, оларға құрмет көрсетсе, бұл ең қажет және ең керемет әлеуметтік теңдік болмақ.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында Наурыз мерекесінің мәнін терең түсініп алуымыз керек. Мысалы, жуырда Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасының айтқан хабарламасы орынды болды деп ойлаймын. Атап айтқанда, Елбасы амнистия жариялау туралы ұсыныс жасаған болатын. Осындай жаңалықтарды күтетін адамдар аз емес.
31 желтоқсан күні түнгі сағат 12-ні күтіп бәріміз өз үйімізде тығылып, тамақ ішеміз, кішкентай балалар ұйықтап қалады. Үлкен адамдар шаршайды. Сөйтіп отырғанша, неге біз 22 наурыз күні тал түсте дастархан жайып, бір-бірімізге қонаққа барып, Жаңа жылымызды ел болып бірге тойламаймыз?! Ұлттық салт-дәстүріміз туралы салиқалы әңгімелер айтылса, қандай ғанибет?!
Айталық, қыстағы Жаңа жылдың ішімдік ішу секілді теріс үрдістері бар. Соңғы жылдары түнде от шашу белең алып бара жатыр. Сырттан кірген дәстүр байқалмай халқымыздың санасына еніп бара жатқаны ойлантарлық мәселе. Сондықтан Наурыз секілді ұлық мерекеміз өзімізге қайта оралды. Енді оны дұрыстап өткізудің амалын, жолдарын тауып, оның рухани-мәдени құндылығын еліміздің әрбір азаматы жан-жүрегімен сезіне білуі қажет. Бұл - Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлысқа ортақ мереке. Және өзге ұлттар да қуана қарсы алғанына куә болып жүрміз.
- Халықтың бір перзенті ретінде Наурызда айтар тілегіңіз?
- Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлттық мейрамдарымыз егемендігіміздің нығаюына көп әсер етті деп есептеймін. Елімізде тыныштық салтанат құра берсін. Тойдан тойға аман-есен жетейік.
- Айтқаныңыз келсін!