Наурыз Шымкентте тоғыз күн бойы тойланды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Наурыз мерекесі Шымкентте тоғыз күн бойы тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Шымкентте наурызнама дәстүрі заманауи үлгіде жаңартылып, тоғыз күн түрлі атаумен мерекеленіп жатыр. Әр күн өзіндік сипаты, өзіндік ерекшеліктермен ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «Ұлттық тағамдар», «Nauryz Fashion Day» және «Гастроном Fest» фестивалі өтті.
Бүгін, Ұлыстың ұлы күніне орай, үшінші мегаполисте 10 жерде мерекелік бағдарламалар өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Наурыз-Думан» атты мерекелік шара «Шымқала» этноауылынан бастау алды. Тарихи кешенде өткен шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Мерекеде республикаға танымал эстрада әншісі Айгүл Иманбаева мен «Хазар» ұлттық-фольклорлық тобы және дәстүрлі өнердің көрнекті өкілдері әннен шашу шашты.
Наурыз күні Шымкенттің орталық саябағына көп халық жиналды. Бұл жерде Әл-Фараби ауданы әкімдігі, қалалық басқармалар мен өзге де мекемелер киіз үй тігіп, қонақтарға Наурыз көже мен ұлттық тағамдарды ұсынды.
Орталық саябаққа келген тұрғындар кір тасын көтеру, ләңгі, арқан тарту және өзге де ұлттық спорт түрлері мен ойындар бойынша өткен сайыстарды тамашалады.
Шаһар басшысы аталған екі мерекелік шарада да тәй-тәй басқан сәбилердің тұсауын кесіп, оларға ақ жол тіледі.
Наурыз тойын жоғары деңгейде тойлауға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер де өз үлестерін қосты.
Ассамблея ғимаратының алдына киз үй тігіліп, дастархан жайылды.
Мұнан бөлек, Шымкенттегі Арбатта қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылса, Әл-Фараби алаңында Маржан Арапбаева, Тұрар Рахымберлин, Ақерке Тәжібаева сынды отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жиналған жұрт Наурыз көжеден дәм татты.
Наурыз мерекесіне орай дендросаябақта талантты жастардың қатысуымен түрлі байқаулар мен интерактивті эко-бағдарламалар ұйымдастырылды.
«Шымкент Цирктің» алдына жиналған көпшілік цирк әртістері мен сайқымазақтардың және акробаттардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар Жеңіс, Металургтер саябақтарында және Қажымұқан атындағы орталық стадионның алдында мерекелік іс-шарлар өтіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй тарту етті.