Наурызбай ауданы әкімдігі жаңа ғимаратқа шілдеде көшетін болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Наурызбай ауданы әкімдігі жаңа ғимаратқа шілдеде көшетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурызбай ауданы әкімдігі жаңа ғимаратқа шілдеде көшетін болды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті жұмыс сапарында Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталықтың және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын, сонымен қатар Қарғалы өзені бойын абаттандыру жұмыстарын тексерді.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жалпы ұзындығы 7,7 шақырым болатын Қарғалы өзенінің арнасына бетон конструкцияларын төсеу жұмыстары аяқталды. Өзен жағасына топырақ төгіліп жатыр. Өзеннен үш өтпелі көпір салынды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан тұрғындарының демалуы үшін өзен жағалауы түгелдей абаттандырылып жатыр.
Жасыл желек, гүлдер отырғызылып, төбелер жасалған. Жасыл аймақтың жалпы көлемі - 1 гектар. Шағын архитектуралық пішіндер, балалардың ойын алаңдары, декоративті тректер бой көтеріп, жүргінші тротуарлары салынуда.
Қала әкіміне Наурызбай ауданы әкімдігінің жаңа ғимараты шілденің басында ашылатындығы айтылды.
«Қазіргі кезде мұнда ішкі әрлеу, технологиялық қондырғыларды орнату, нысан айналасын көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бес қабатты ғимарат алдына көлемі 1 гектар болатын гүлзар жасалады. ІІБ-нің жаңа нысанының, 1 200 орынды мектептің құрылысы аяқталып қалды. 500 адамға қызмет көрсететін емхана да іске қосылады. Бұлардың барлығы келесі айдың басында пайдалануға беріледі», - аудан әкімдігінің өкілдері.
Олардың айтуынша, ХҚКО, пошта,сот, прокуратура, әділет басқармасы орналасатын кешенді әкімшілік нысан ішінде де әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кешен биылғы жылдың тамыз айында беріледі деп жоспарланған.
Жалпы, ауданда тұрғын үй салу, магистарльды жолдарды тесу, Қалқаман және Алты Алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,3 шақырым болатын жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Жандосов көшесі, Саин көшесінен Таусамалы ауылына дейін ұзындығы 2,08 шақырым болатын жол күрделі жөндеуден өтуде. Жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолақты болып кеңейтіліп жатыр. «Қарғалы» өзені бойындағы көпір қайта жасалып, 2 шақырымдық веложол мен 4 шақырымдық тротуарлар салынуда.