Наурызда қияр мен қызанақтың бағасын көтеруге негіз жоқ - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономка министрі Руслан Дәленов көкөністердің бағасын бақылап шығуды тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурызда қияр мен қызанақтың бағасын көтеруге негіз жоқ - министр

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде қызанақ пен қиярдың бағасы әртүрлі. Мәселен, Астанада қызанақты бір жерде 1140-1350 теңгеден сатса, енді бір жерде 949 теңгеден беріп жатыр. Қиярдың бағасы да 1000-1400 теңгенің айналасында.

«Мен монополияларды реттеу комитетіне бағалардың бәрін талдап шығуға тапсырма бердім. Бағаны өзара келісіп қою фактілері тіркелсе, ескертулер беріледі. Оны орындамаса, айыппұл салынады», - деді Р.Дәленов журналистерге берген сұxбатында.



Оның сөзіне қарағанда, соңғы екі жыл бойы ақпан пен сәуір айларында қызанақ пен қиярдың бағасы көтеріліп отырады. Алайда оған себеп болатын ешқандай алғышарттар жоқ. Наурыз айында бензин қымбаттамайды, бірақ қияр мен қызанақтың бағасы көтеріледі.

«Біз екі жылдың динамикасын зерделеп шықтық. Ақпаннан бастап наурыз бен сәуірдің ортасына дейін қызанақ пен қияр сияқты көкөністердің бағасы көтеріліп кетеді. Олай болған дұрыс емес деп санаймын. Кәсіпкерлер арасында өзара келісімнің бар-жоғын тексеріп шығуымыз қажет. Ал мейрамдарға бола бағаны көтеруге болмайды. Оған себеп те жоқ. Наурызда сауда орнын жалға алу бағасы көтеріле ме? Жоқ. Бензин қымбаттай ма? Жоқ. Қияр мен қызанақ болса, дәл осы уақытта қымбаттап кетеді», - деп атап көрсетті Р.Дәленов.