Наурызда өтетін мерекелік іс-шаралар танымдық, зияткерлік мазмұнда болуы тиіс – Мәдениет вице-министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Наурыз мейрамы күндері ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың мазмұны тартымды, танымдық және зияткерлік мағынада болуы керек. Бұл пікірді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов алға тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурызда өтетін мерекелік іс-шаралар танымдық, зияткерлік мазмұнда болуы тиіс – Мәдениет вице-министрі

«Наурыз үлкенді қастерлеу мерекесі. Аға буынның ізгі тілегі мен батасын алу игі іс. Ардагерлерге құрмет көрсетіп, ақсақалдардан «Наурыз бата» беру дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізу әз Наурызды тойлауды жаңғырта түсудегі басты мақсатты бірі. Мереке күндері барлық медиаконтент кең көрерменге арналуы керек. Әрі өтетін іс-шаралар қызықты, танымдық, зияткерлік мазмұнда болуы тиіс», - деді Нұрғиса Дәуешов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ел көлемінде Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті.

«Бүгін елордада Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды: ізденіс, тұжырымдама, тәжірибе» атты республикалық ғылыми – тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр. Осы секілді мерекелеу күндері елімізде ғылыми-зерттеу институттары және ЖОО-ның ұйымдастыруымен 15 ғылыми-тәжірибелік конференция мен дөңгелек үстел өтеді», - дейді ол.