Наурыздағы мерекелер азық-түлік бағасының көтерілуіне әсер еткен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыздағы мерекелер еліміздегі азық-түлік бағасының айтарлықтай көтерілуіне әсер еткен жоқ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Наурыз айының қорытындыларына көз жүгіртсек, азық-түлік бағасының көтерілуі беймаусымдық көкөністер мен жеміс-жидекке қатысты болып отыр. Қияр ақпан айында 6,1 пайызға, қызанақ - 3,3, орамжапырақ - 2,7, картоп - 2,1, сәбіз 1,3 пайызға қымбаттаған.
Банан бағасы 4,8 пайызға, алма 2,4 пайызға көтерілген. Басқа көкөніс өнімдер ай көлемінде 1 пайызға қымбаттаған немесе бағасы түскен (мысалы сарымсақ, апельсин).
Айта кеткен жөн, ҚР Үкіметінде өткен отырыста Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге мереке күндері азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеуді тапсырған болатын.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметі және нарықты ішкі азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қаңтарында тұрақтандыру қоры 2,18 мың тонна азық-түлік тауарларын сатып алған. 5,54 мың тонна азық-түлік сатылған.
Облыс әкімдіктерінің, Алматы және Астана қалаларының мәліметтері бойынша, көктемнің басында тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің нақты қолжетімділігі 8,14 мың тоннаны құраған. 14,26 мың тонна өнім жаңартуға және жауапты сақтауға жіберілді.
Тұрақтандыру қорымен сатып алынатын негізгі өнімдердің бірі қант болып табылады (қордағы және қоймалардағы қордың жалпы құрылымында жалпы көлемнің 35,4 пайызға құрайды). Бір ай бойы (ағымдағы жылдың ақпанынан наурызына дейін) қант 2,4 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, ашытқы бағасы 1,5 пайызға өсті.
Азық-түлік өнімдерінің кейбірінде айтарлықтай өсу байқалмады. Бағаның төмендеуі де байқалды. (мысалы, күнбағыс майы 0,2 пайызға төмендеді).
Ет, балық және сүт өнімдері мен қышқыл сүт өнімдерінің де ай сайынғы қымбаттауы байқалды. Қаймақ бағасы ақпанда 1,5 пайызға, айран - 1,4 пайызға, ірімшік - 1,1 пайызға көтерілді.
Ұн және жарма өнімдері қымбаттаған жоқ деп айтуға болады, ал қарақұмық бір айдың ішінде бірден 3,3 пайызға арзандаған.
Фото: greenlife.com.p