Наурыздағы мерекелерге орай елордада мәдени-бұқаралық шаралар өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні құрметіне қаланың мәдени мекемелерінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін оннан астам мәдени-бұқаралық шаралар жоспарланған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала тұрғындары үшін «Жігіттер» тобының есептік концерті нағыз сый болмақ, ол 8 наурыз күні «Астана» концерт залында сағат 16:00-де және 19:00-де өтеді.
Мерекелеу шеңберінде музейлерде, кітапханаларда, театрларда, концерт залдарында және Тәуелсіздік сарайында тақырыптық көрмелер, спектакльдер және концерттер ұйымдастырылады.
Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ақпараты бойынша, Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Астанада 20-ға тарта мәдени шара өткізіледі. Негізгі мерекелік шаралар ашық алаңдарда ұйымдастырылады. Ал мейрамның шарықтау шегі 21-23 наурыз күндері «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңында, «Қазақ елі» алаңында, қалалық алаңда, «Студенттер» бағында, «Жастар» театрының (вокзал ауданы) алдында және қаланың барлық тұрғын алаптарында өтетін халықтық серуендер болмақ.
Бұдан басқа, мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қала театрларында концерттер, спектакльдердің премьералық көрсетілімдері, көрмелер ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, «Астана» концерт залында 23 наурызда «Шаншар» сатира және әзіл кеші өтсе, 25 наурызда «Шалқыма» халық би ансамблінің, «Рауан» би ансамблінің, классикалық және эстрадалық вокал солистерінің қатысуымен «Би әлемі» концерті өтеді.
Елорданың қуыршық театрында «Наурыз туралы аңыз», «Қаңбақ шал» және «Приключения Наурызбека» ертегілері қойылады. Орыс драма театры да кішкентай көрермендер үшін мазмұнды бағдарлама ұсынбақ. Наурыз мейрамына орай театр «Домик для царя зверей» және «Аленький цветочек» атты ертегілер сахналанады.