Наурыздан бастап 5 мемлекеттік органға қызметкерлерді қабылдау онлайн жүргізіліп жатыр - агенттік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Наурыз айынан бастап 5 мемлекеттік органға қызметкерлерді қабылдау онлайн жүргізіліп жатыр. Мұны елордада өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің үш тағаны: Меритократия. Адалдық. Инновациялар» конференциясы аясында БАҚ өкілдерінің саулына жауап берген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыздан бастап 5 мемлекеттік органға қызметкерлерді қабылдау онлайн жүргізіліп жатыр - агенттік

«Біз қазір «Е-қызмет» порталын толық автоматтандыруға көштік. Біз оны 2022 жылы қолға алған болатынбыз. Биыл 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік пилоттық жобаны жүргізіп жатырмыз. Бұл – заң талабы. Қандай да бір жобаны өндіріске енгізу үшін ол 1 жыл пилоттық негізде сынақтан өтуі тиіс. Жоба қазір Сауда және интеграция, Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрліктері мен Ақмола облысы, Шымкент қаласы және біздің агенттікте пилоттық режимде істеп тұр. Осы мемлекеттік органдарда қазір қызметке қабылдау онлайн түрде жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Дархан Жазықбаева.

Оның айтуынша онлайн режимде мемлекеттік қызметкеке тұру 5 кезең бойынша өтеді. Барлық процедуралардың электрондық форматта болуы – бұл саланың ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Барлық мемлекеттік органдарға өтініш берген адамдар бар. Біз оны қазір қарап отырмыз. Мәселен, қазіргі таңда біздің ақпаратымыз бойынша Сауда және интеграция министрлігіне қызметке орналасуға ниет білдірген - 8, Ақмола облысында 2 адам өтініш жолдады. Вакансия қай кезде болады, сол кезде ол ашық түрде жарияланып, өтініштер қабылданады», - деді Дархан Жазықбаев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Осы конференция аясында баяндама жасаған Астана мемлекеттік қызмет хабының басшысы Әлихан Бәйменов болса, мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін 70-тен аса арнайы зерттеу жүргізілгенін атап өтті.