16:32, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Наурыздың 20-сынан бастап Алматыдағы тұрғын үй нысанын салатын құрылысшылар тікелей қаржыландырыла бастайды
АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 20-сынан бастап тұрғын үй нысанын салатын құрылысшылар тікелей қаржыландырыла бастайды.
Бұл жайлы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Премьер-Министрдің жұмыс сапары бойынша қалалық әкімдікте өткен алқалы жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құрылысы аяқталмаған нысандарды салудың қазіргі таңда бірнеше тетігі бар. Біріншісі - құрылысшыларды тікелей қаржыландыру. Қазірдің өзінде құрылысшылардан 15 өтініш түсті. Наурыздың 20-сынан бастап 2,5 мың үлескері бар тұрғын үй кешені нысанын қаржыландыруды бастаймыз. Екіншісі - Қазақстан ипотекалық компаниясына банктер арқылы ипотекалық заем алушыларды несиелендіру. Бұл тетік бойынша 3 банкке 14 тұрғын үй кешені бойынша өтініш түсіп отыр. Енді жақын арада «Қазкоммерцбанк» пен «Қазақстан халық банкі» «BI груп» пен «Элит құрылыс» компанияларының нысандары бойынша шешім шығармақ. Бұдан бөлек Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша, Қазақстан ипотекалық компаниясының еншілес ұйымдары арқылы тікелей несие берудің жаңа бағдарламасы жүзеге асырылады», - дейді Қайрат Нематұлы. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құрылыс нарығын қаржыландырудағы үшінші тетігі - жүзеге асырылмаған тұрғын үйлерді Жылжымайтын мүлік қоры арқылы сатып алу болмақ. Қазір бұл бағытта ұйымдастыру шаралары аяқталып, Алматыдағы компаниялармен пәтер бағасын келісу жұмысы жүріп жатыр. «Базис А» корпорациясымен Есілдің сол жағалауындағы құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде корпорация Астанада Жылжымайтын мүлік қорына 900 пәтер сатпақ.