10:05, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азияда бірінші болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұра мәртебесін алған Қазақстандағы қос қорықтың бірі. Қорықтар бір географиялық аймақта және суда жүзетін құстардың көшу жолында жатқандықтан «Сары-Арқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері» атты жалпы атаумен бір номинацияға біріктірілген.
Нысандарға берілген мәртебе аталған табиғат кешендерінің тұтастығы мен сақталуына қосымша кепілдіктер береді, аумақтың беделін арттырады және нысандарды ұстауға қажетті қаржы құралдарын тартуға, соның ішінде Бүкіләлемдік мұралар қорынан қаржы бөлінуіне ықпал етеді. Қорғалжың мен Наурызым табиғи қорықтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы шешім Ұйымның 2008 жылы шілденің 7-інде Квебекте өткен 32-ші сессиясы барысында қабылданған болатын.
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы Қостанай облысының Наурызым және Әулиекөл аудандарында орналасқан. Бастапқы көлемі 320 мың гектарды құраған қорық 1931 жылы ұйымдастырылған болатын. 1966 жылы оның көлемі 87,7 мың гектарға ықшамдалып, қайта құрылды. Оған Терсек (көлемі 4,7 мың га), Сыпсың (көлемі 7 мың га) және Наурызым (көлемі 37,2 мың га) орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енді. Олардың үлесіне бетегелі жусанды 5 мың га тың жазық дала кірді. Кең-байтақ Қазақстанның табиғат байлықтарының бірі саналатын Наурызым мемлекеттік табиғи қорығының жер көлемі қазіргі таңда 191381 гектарды құрайды.
Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы ? суық , ызғарлы; жазы ? ыстық. Қаңтар айының орташа температурасы ?17 °С, шілде айы +24,2°С. Жылдық орташа температура +2,4 °С, жылдың 131 күні жайма шуақ, ашық болады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 233 мм, оның 30-40 %-ы жаз айларында жауады. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі (қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, тал, мойыл, қырыққұлақ, т.б.) өседі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя басуына, мүмкіндік береді.
Қорық аумағы био алуан түрлілікті сақтау жөніндегі бірқатар халықаралық жобаларға қосылған. Бұл бағыттағы жұмыстар қорықтың штаттағы қызметкерлері тарапынан да, халықаралық және институттар мен ғылым-зерттеу мекемелерінің экспедициялары тарапынан да тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің дала жұмыстары тәжірибесінен өтуі үшін де кеңінен қолданылады. Осы тұрғыда А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетімен, педагогикалық институттың биология және география кафедраларымен келісім-шарттар бекітілген.
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы базасында экологиялық үйірме жұмыс істейді. Оған аудан орталығындағы екі мектептің оқушылары тұрақты қатысып, өздері туып-өскен өңірдегі флора мен фаунаны зерттеумен шұғылданады. Қорықта «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді.Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том