Науырзым қорығы тағы да өртенді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Науырзым мемлекеттік табиғи паркі аумағында екі өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«9 шілде күні сағат 14:30-да Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының Жанақ алқабы өртенді. 2 гектар аумақтағы құрғақ шөп жанған. Өрт сөндіру жұмыстарына 11 арнайы техника, 31 өрт сөндіруші жұмылдырылды», - дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.
Дәл осы күні қорық аумағында тағы да өрт болды. Сағат 20:30 шамасында Қожа ауылында 2,5 гектар алқапта құрғақ шөп өртенді. Құтқарушылар 20:45-те қызыл жалынды толығымен сөндіріп бітті.
Айта кетейік, осы жылдың сәуір айында Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында 500 гектар аумақтағы қураған шөп жанып кеткен-ді.