Найробидегі сауда орталығында лаң салған содырлар әрекетінде ешқандай діни астар жатқан жоқ - Ұлыбритания премьер-министрі

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Найробидегі сауда орталығына шабуыл жасаған «Аш-Шабаб» сомалилік содырлардың басқа мақсатты көздегенін, бұл арада діннің ешқандай қатысы жоқтығына ресми түрде мәлімдеме жасалды, деп хабарлады muslim.kz.

Найробидегі сауда орталығында лаң салған содырлар әрекетінде ешқандай діни астар жатқан жоқ - Ұлыбритания премьер-министрі

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның айтуынша, Кения астанасында лаңкестердің бейбіт түрғындардың берекесін қашырып, 59 адамның өмірін қиған қанқұйлы әрекетінде ешқандай да діни астар жатқан жоқ. «Қылмыскерлер діннің атын жамылып, өздерінің тар түсініктерінен аса алмай, лаңкестік әрекетке жол берді»,- дейді бұл жайында премьер-министр.

«Жағдай ушығып тұр. Жағымсыз жаңалыққа дайын болуымыз керек»,- деді ол сөзін толықтырып.

«Аш-Шабаб» тобы мұндай қадамға Сомали аумағындағы кениялық сарбаздардың өздеріне қарсы жүргізген әскери шабуылдарына кек қайтару мақсатында барғандарын жеткізді. Олардың бұл мәлімдемесіне жауап ретінде британдық Сыртқы істер министрі Уильям Хейг Сомалиде тыныштық пен тұрақтылық орнамайынша қол қусырып қарап отырмайтындарын айтты.

21 қыркүйекте қарулы топ Найробидегі "Уэстгейт" сауда орталығына баса-көктеп кіріп, адамдарға оқ жаудырған болатын. Жауған оқтың астында қалған бейбіт тұрғындар арасынан 59 адам қаза тауып, 300-ге тарта адам жарақат алды. Опат болғандардың арасында шетелдіктердің қарасы көп. 30-ға жуық адам кепілдікке алынды. Лаңкестер бірден өздерінің талаптарымен таныстыра қоймады. Кейбір мәлімет көздеріне қарағанда, сауда орталығының ішінде қаруланған содырлар саны шамаммен10-15 болған. Құтқару операциясына израилдік жауынгерлер де тартылғанын айта кету керек.