Найзағай разряды себеп болған: бүгін елімізде үш орман өртенді

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін, 27 маусымда Қазақстан мемлекеттік орман қоры аумағында 3 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология министрлігі хабарлады.

найзағай
Фото: Алексей Колесников/Pexels

Өңірлер бойынша:

• Қарағанды облысы — 1 өрт;

• «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты — 2 өрт.

Барлық өрт ошағы орман күзеті қызметкерлерінің және жұмылдырылған қызметтердің өзара іс-қимылының арқасында дер кезінде анықталып, жедел түрде сөндірілді.

Өрттің шығуына негізінен найзағай разрядтары себеп болды.

- Өрт қауіпті кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға және еліміздің орман байлығына ұқыпты қарауға шақырамыз. Орманды бірге сақтайық! – делінген хабарламада.

Биыл мемлекеттік орман қорында 0,41 гектар аумақты қамтыған 3 өрт тіркелгенін жазған едік.