Назарбаев БАӘ-нің ірі бизнес өкілдерімен кездесуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында БАӘ-нің ірі бизнес өкілдерімен кездесуде. ҚазАқпараттың тілшісі Арнұр Рахымбековтың Әбу-Дабиден хабарлауынша, кездесу «Emirates palace» қонақ үйінде өтіп жатыр. Форумға Әмірліктердің ірі қаржы, өнеркәсіп топтарының басшылары қатысуда.

 Назарбаев  БАӘ-нің ірі бизнес өкілдерімен кездесуде

Қазақстан Президенті әмірлік тарабын тәуелсіздіктерінің 45 жылдығымен құттықтап, таяуда Ауғанстанда орын алған терактіде  БАӘ азаматының қаза болуына байланысты көңіл айтты.

Назарбаевтың атап өтуінше, Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен тауар айналым көлемі бойынша өңір елдері арасында бірінші орында тұр.

«Бұл көрсеткіш өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда 3 еседен астамға артты. Толықтай алғанда, біздің еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бері Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей  инвестицияның жалпы көлемі шамамен 2 млрд долларға жетті.  Қазақстанда әмірлік капиталының қатысуымен шамамен 200 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетикада жобалар жүзеге асырылуда. Мубадала мемлекеттік инвестициялық компаниясымен тығыз байланыс орнатылған. Ядролық энергетика жөніндегі ұлттық корпорациямен ынтымақтастық белсенді дамуда», - деді Назарбаев.

Елбасы әмірлік бизнесмендерін Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан индустриаландыру бағдарламасына белсене қатысуға шақырды.

«Қазақстан жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, басым саланың инвесторлары 10 жылға корпоративтік табыс және жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босатылған. «Бір терезе» қағидаты бойынша шамамен 300 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Елімізде инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді. Шетелдік компанияларды қолдау мақсатында 19 жылдан бер Шетел инвесторлары кеңесі жұмыс істеп тұр», - деді Назарбаев.