Назарбаев билікке мұқтаж емес, біз Назарбаевқа мұқтажбыз - Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Назарбаев билікке мұқтаж емес, біз Назарбаевқа мұқтажбыз. Бұл пікірді бүгін елордада «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан - 2020» жалпыұлттық демокартиялық күштер коалициясын құру туралы бастамасына орай өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан айтты.
«Назарбаев билікке мұқтаж емес, біз Назарбаевқа мұқтажбыз. Өйткені осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге кепіл болып отырған Елбасының тарихи тұлғасы екендігіне ешкім дау айта қоймайтын шығар. Тіпті оппоненті де, жақтаушысы да, басқасы да Назарбаевтың тарихи тұлғасына, саяси шеберлігіне күмән келтірмейді. Оған дәлелдер өте-мөте көп. Сондықтан бізге қазіргі жағдайда, Қазақстанның жағдайында басталған істің аяғына дейін жеткеніне, алаңсыз дамуға, бірлікке, ынтымаққа қарай қадам басуымыздың ірікіліп қалмауына күш салуымыз керек. Бұл халықтың талабы», - деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум ҚР Конституциясына негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ата заңымыздың негізі заңдық нормаларына қайшы келмейді. Мемлекеттің негізгі билік көзі халықтың шешімі болғандықтан, бұл үлкен заңдық күшке ие болатындығы даусыз.
«Осыған дейін, 20 жылға жуық уақыт бойы жасап келе жатқан саясатымыздың барлығы бірлікке, ынтымаққа негізделген. Өйткені ынтымақ болмаған жерде ырыстың, бірлік болмаған жерде тірліктің болуы мүмкін емес. Сондықтан осы жалпыұлттық демокартиялық күштердің барлығын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын осы қадамымыз елден, халықтан қолдау тауып жатса, ең бастысы біз халықтың талабын орындай алсақ, меніңше үлкен мақсатқа жеткеніміз», - деді Б.Тілеухан.