Назарбаев: ЕАЭО интеграциясы мен «Жібек жолының» әлеуеті Қазақстанға не береді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында халықаралық сауда қатынастарын дамыту, ЕАЭО елдерінің интеграциясы мен көршілес Қытай елінің «Жібек жолы» бағдарламасы арқылы Қазақстан қандай мақсаттарды көздеп отырғаны турасында сөз қозғады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазіргі заманда кез келген мемлекет өз бетінше жекешеленіп өмір сүре алмайды. Біз жаһанмен бірге біте қайнасып, сауда жүргізіп, өз өнімдерімізді сатып, ақша табамыз. Терең интеграцияның арқасында ғана кез келген мемлекет алға баса алады. Ең орайлысы көрші елдермен интеграцияны дамыту арқылы иықтасып, тауарды өзара тез жеткізу. Ал теңіздерге тікелей жолы жоқ мемлекет саналатын Қазақстан мұхитқа шығу үшін не істеуі керек? Теңіз торабы арқылы тауарларды жеткізу арзанырақ. Мәселен, Қазақстаннан Тынық мұхитына дейін қанша шақырым бар? Жол бойы тауарды жеткізу үшін ақша төлеуің керек қой. Біз Қара теңіз, Ресей мен Балтық елдері арқылы шығып жатырмыз. Өзімізге тиімді жағын қарастыру үшін Қытаймен байланысты орнатып алуды шештік. «Жібек жолы» бағдарламасының бұл бағытта маңызы өте зор», - дейді Қазақстан Президенті.
Елбасының айтуынша, бүгінгі күні Қытайдағы порттың көмегімен Тынық мұхитынан Қазақстан мен Ресей арқылы контейнерлер Еуропаға 14 күнде жетіп жатыр. Теңіз жолдары арқылы бұл тауарлар 40-45 тәулікте жететін.
«Ал бізге оның қандай пайдасы бар? Өйткені, 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне 2 миллион контейнер тасымалданатын болады. Қазірдің өзінде ары-бері тасымал көбейіп келеді. Қазақстан әлбетте, бұл бағытта транзит үшін ақша алады. Біз инфрақұрылымды, транзиттік ел ретінде дамытып келеміз. Осы себепті Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін теміржол тарттық. Өздеріңіз білетіндей, Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына бет түзеп, араб елдеріне шықтық. Ол жақтан Үндістанмен байланыса аламыз. Осының бәрі аз уақыттың ішінде жасалды. Қазақстанның ішінде жасап жатқан инфрақұрылымымыз да Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін қолдану үшін қолға алынып отыр», - дейді Елбасы.
Президент сондай-ақ ШЫҰ қазіргі таңда бәрімен мойындалған қуатты ұйым екенін атап өтті.
«ШЫҰ-ның соңғы мәжілісінен белгілі болғандай, оған мүше елдердің халық саны әлем халқының жартысына таяп қалды. Бірақ, біз өзімізге қажетті межеге сапалы түрде жетуіміз керек. Үндістанға қарай көліктік қатынас өте қиын. Тау болғандықтан, тіке жол жоқ. Егер Парсы шығанағындағы порт арқылы саудаға қол жеткізсек, Қытай арқылы өтсек болады. Ортақ ниет бар, елдердің саяси жігері де жоғары. Бірақ, Үндістанмен тауар айналымымыз төмен болып тұр. Пәкістанмен де сондай жағдай. Сондықтан, біз бүгін ЕАЭО аясында интеграцияланып жатырмыз. Бұл тұста ЕАЭО-тың маңызы зор. Білесіздер ме, ең қиыны осы аталған ұйымдардың барлығы дағдарыс пен бағалардың құлдырау уақытына сай келіп қалды. Баға тұрақталғаннан кейін ғана ЕАЭО аясындағы елдерде тауар айналымы 30 процентке артып отыр. Бұл өте жоғары өсім. Кеден одағына мүше елдерде пойыздарды ешкім тексермейді, тауар діттеген жеріне жеткізіліп, капитал қозғалыста болады. Шағын экономикалы, шағын халқы бар Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Бұл бағытты ары қарай дамытамыз. Біздің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Жібек жолы» бағдарламалары бірін-бірі өте қуатты түрде толықтырады. Ханчжоу қаласындағы «Жібек жолы» елдері басшыларының басқосуы бұл бастамаға көптеген елдердің қызығып отырғанын дәлелдеп берді. «Жібек жолының» бойында 65 ел жатыр. Қор - 100 млрд АҚШ долларынан асады. Мемлекет, Үкімет болып жұмыс атқара білсек, біз үшін бұл бағдарламадан үлкен пайда табуға болады», - деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.