Назарбаев: Иран санкция құрсауында болған кезде де байланысымызды үзген емеспіз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иран санкция құрсауында болған кезде де байланысымызды үзген емеспіз. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен Иран мемлекетінің басшысы, қадірменді Хасан Рухани мырзаға: делегацияны басқарып, Қазақстанға қош келдіңіз деймін. Бұл Иран басшысының Қазақстанға екінші рет келуі. Мен биылғы сәуір айында ресми сапар жасадым. Сол кезде біз кездесіп, көп мәселені шештік. Бүгінгі жүздесу сол кездесудің жалғасы және екі елдің арасындағы қарым-қатынасты одан ары жоғары сапаға көтерді деп санаймыз», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті Иран мұсылман елдері арасында Қазақстанның тәуелсіздігін қолдаған ең алғашқы елдердің бірі болғандығын еске салды. Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздігін жарияласа, 1992 жылдың 29 қаңтарында екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанын атап өтті.
«Оған да мінекей 25 жыл болады. Бұл екі елдің арасындағы достық қатынастың жарқын көрінісі. Осы ширек ғасырдың ішінде біздің мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас өте қарқынды дамыды. Ынтымақтастықтардың барлық бағыттары бойынша біз жұмыс істедік. Теһран Қазақстанның сыртқы істер саяси бастамаларының барлығына қолдау көрсетіп келеді», - деді Елбасы.
ҚР Президенті Иран біздің өңіріміздегі жақын көршіміз, сенімді әріптесіміз болып саналатындығын да баса айтты.
«Біз ешқашан, тіпті Иран төңірегінде санкциялар болып жатқан кезде де байланысымызды үзген жоқпыз. Ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздердің екі раундын Алматыда өткізіп, қолымыздан келгенше көмегімізді бердік», - деді Назарбаев.