Назарбаев: Үміт артқан кейбір жастардың қақпанға түсіп жатқаны қобалжытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болашақта елді ілгері сүйрейтін жас буынға ақылын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Отандық БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Президентке «Сенім артқан жастардың кейбірі үмітіңізді ақтай алмаған кездер болды ғой... Жастарға деген сеніміңізді жоғалтып алған жоқсыз ба?» деген сұрақ қойылды.

«Қазір мынау ақпараттық кезеңнің өзі, цифрландыру - бұл жастардың жұмысы. Жастар тез іліп әкетеді. Жастар басқаша жағдайда оқыды. Басқаша заманда өмір сүріп жатыр. Жастарға сенбей кімге сенеміз? Солай болды екен деп бүкіл жастардың барлығына сенбеу керек деп айтуға болмайды. Бәрібір де жастарға сенемін. Болашақ солардың қолында. Соларға сенеміз, соларды қоямыз», - дейді ел Президенті.

Елбасы өз сөзінде қазір 35 жастағы адамды жас деп айтуға болмайтынын атап өтті.

«35 жастағы адам оқуын бітірді. Тәжірибе алды. Көп жерде жұмыс атқарды. Қандай лауазымға болса да қоюға болады. Ал бірақ сол жігіттер мен қыздар үмітіңді ақтамай, өз-өзінен барып қақпанға түсіп жатса, әрине, бұл өте қобалжытатын жағдай. Сондықтан, сенімді ақтап, Отаныңа жұмыс істеу керек. Адал болсаң бақытқа жетесің. Ел-жұрт сыйлайды. Ағайын-туысқаның, бала-шағаң риза болады. Әлі де сене береміз. Әлі де жастарды қоя (қызметке - ред.) береміз», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда Қазақстанның билігіндегі адамдардың ішінде де жастардың үлесі көп екенін атады.

«Бүгінгі Үкіметтің мүшелері, министрлердің жасы - қырықтың төңірегінде. Одан да жастары жүр. 35 жастағы министрлеріміз бар. Облыс әкімдері бар. Болашақ бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген 12 мың өренді атап өтуге болады. Сондықтан, жастарға сенеміз. Жастар үмітті ақтасын», - деп түйді Елбасы.

Еске сала кетсек, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда Президент қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар