Назарбаев Универсиетінде 1 студентті оқыту үшін қанша қаржы жұмсалатындығы белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 1 студентті оқытуға 87 мың доллар жұмсалады. Бүгін Назарбаев Университеті түлектерінің екінші салтанатты оқу бітіру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Университетте студенттер үшін білім алу тегін. Мұны сіздер түсінулеріңіз қажет. Әлемнің бірде-бір мемлекеті мемлекет есебінен оқытпайды. Ол жақта студенттердің және ата-аналардың есебінен білім береді. Назарбаев Университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша оқыту құны 4 жылға орташа есеппен 87 мың АҚШ долларын, магистратура 36 мың долларды құрайды. Бұл шығындардың барлығын мемлекет жауып отыр. Өйткені, бізге, жас мемлекетке кадрлар қажет», - деді Елбасы.
ҚР Президенті университетте әлемдік деңгейдегі үздік жағдай жасалғанын, мемлекет оқыту ақысын, жол шығындарын өтеп, шәкіртақы беретіндігін айтты.
«Бұл - өте көп қаржы. Сіздер мұны есте сақтауларыңыз қажет. Сіздерден қайтарым күтетіндігімізді де қаперден шығармалауларыңыз керек», - деді Мемлекет басшысы.